Алматыда өткен медиа құрылтайда қазақ тіліндегі БАҚ-ты дамыту мәселесі талқыланды

Алматыда өткен медиа құрылтайда қазақ тіліндегі БАҚ-ты дамыту мәселесі талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң қабылданады. Себебі, 19 жыл бойы қолданылып келген маңызды құжат ескіріп, қазіргі заман талаптарына жауап бере алмай отыр.

Бұл туралы Алматыда өткен ХІ Республикалық медиақұрылтайда БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу департаментінің директоры Бекзат Рахимов мәлімдеді. Әзірге оның мазмұны мен ондағы негізгі бағыттар әлі белгісіз. Тек ғаламтор беттеріндегі ақпараттарға бақылау күшейеді. Бүгінгі басқосуда қазақ тіліндегі БАҚ-ты дамыту мәселесіне де ерекше көңіл аударылды.

«Мемлекеттік тілдегі контенттің қалыптасуы қазір жылдам дамып келеді. Мемлекеттік тапсырыс арқылы да бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде. Көрермен ретінде, ақпаратты тұтынушы ретінде қазақ тілді БАҚ өзге салалармен бәсекеге түсе алады деп ойлаймын», – деді ҚР АКМ БАҚ саласындағы Мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бекзат РАҚЫМОВ.

Ал келер жылы Қазақстанда барлық мемлекеттік орган үшін бірыңғай сайт іске қосылады екен. Алдымен 396 сайт жабылып, мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстары gov.kz платформасына көшеді. Онда құқықтық норма актілері мен жүргізіліп жатқан саясат туралы ақпараттар жиналады. Ал цифрландыру дәуіріндегі жаңалықтар, ғаламтордың мүмкіндігі қазақстандық медиа нарықты теріс емес, керісінше оны көтеруге серпін береді дейді сарапшы.

«Менің ойымша, ақпараттық, сандық технологиялар теледидардың әлеуетін арттырады. Оның әлемдік деңгейге шығуына көмектеседі. Мысалы, «Алматы» телеарнасын көру үшін бұрын тек Алматының немесе Қазақстанның тұрғыны болу керек болатын болса, қазір интернеттің арқасында Антарктиданың өзінде отырып алып, онлайн форматта болсын, YouTube каналынан болсын, «Алматы» арнасын көре беруге болады. Мәселе тек сол каналда жүрген, арнада жүрген азаматтардың соған бейім болуы, осындай жақсы мүмкіндіктерді пайдалануында ғана», – деді саясаттанушы Айдос САРЫМ.



Новости партнеров