Қазақстандықтар «Алматы» телеарнасы түсірген «Әділет алаңы» телехикаясын тамашалай алады

Қазақстандықтар «Алматы» телеарнасы түсірген «Әділет алаңы» телехикаясын тамашалай алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ертеңнен бастап қазақстандықтар шытырман оқиғалы, қызықты сюжетке толы жаңа отандық телехикаяны тамашалай алады. Астанада «Алматы» телеарнасы түсірген «Әділет алаңы» туындысының тұсаукесері өтті. Әр серияға сотта қаралған шынайы қылмыстық істер арқау болғанын айтып өту керек. Ал телехикая түсіруде декорациялар емес, сот отырыстары өтетін нағыз зал пайдаланылған.  

Басты рөл, яғни судья Нұрболат Мұхамеджановты танымал актер Алдабек Шалбаев сомдаған. Қара қылды қақ жарған, өте әділетті, қатал әрі өзіне тым талапшыл кейіпкер. Күні-түні істерді қарап, отбасына көңіл бөле алмағандықтан, яғни күрделі жұмысы үшін жары мен кішкентай ұлын тастап кетуге мәжбүр болған. Бас кейіпкер мұндай қиын қадамға жақындарының өмірін аман сақтап қалу үшін барады. Бірақ уақыт өте келе, есейген ұлы әкесін тауып алады. 

«Есейгеннен кейін әкесін іздеп, «Әкем қандай екен? Олардың ажырасу себебі неде? Неліктен үлкен семья бола алмады?» деген сұрақтардың жауабын білгісі келеді. Сондықтан бұл отбасындағы аса күрделі психологиялық қарым-қатынас. Қызметтің аты қызмет, дегенмен отбасын алдыңғы орынға қою туралы үлкен ой тастайтын жағдай сюжетке арқау болған», – деді актер Алдабек ШАЛБАЕВ.

Телехикая 12 бөлімнен тұрады. Әрқайсысы 25 минуттан құрылған. Екі серия – аяқталған хикая. Ерекше айтып өтері, әр хикаяға шынайы өмірде сотпен қаралған істер арқау болған.

«Біз шынайы өмірде қаралған істерді негізге алдық. Сценарийін бірақ өңдеп алдық. Көркемдік жанр болғанымен, деректі жанр да қолданылды. Ал актерлердің ойыны өтімді болу үшін олар бірнеше сот процесіне қатысып, судья, прокурор, қорғаушының жұмысын жіті бақылады», – деді продюсер Николай ПАК.

Түсірілім тобы күн демей, түн демей, бір ай бойы жұмыс жасаған.  Туынды өмірде болған қылмыстар бойынша қаралған істердің желісімен түсірілгенімен, локациялар басқаша, яғни шалғайда жатқан ауылдар, құмды сахаралар, орман алқаптары таңдалған екен.

«Біз барлығын шынайы өмірге жақындастырғымыз келді. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Себебі, прокурордың рөлін сомдаған актерды адамдар шын мәнінде құқық қорғаушысы деп ойлап қалды. Осы ретте «Алматы» телеарнасына алғысымды білдіргім келеді. Мен көптеген телеарналармен жұмыс істедім. Бірақ сот жүйесі туралы телехикаяны алғаш рет түсірдім», – дейді қоюшы режиссер Серікбол ӨТЕПБЕРГЕНОВ.

Телехикаяға Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қаржылық демеушілік көрсеткен. Ал түсірілімге еліміздің Жоғары соты да атсалысыпты. Сот мамандарының айтуынша, әрбір серия арқылы көрермен судьялық жұмыстың қыр-сырын біліп, сезініп, объективті түрде бағалай алады.  

«Сценарийін жазу барысында жоғары соттың судьялары, өзіміз де қатыстық. Бүкіл түсірілімдер Алматы қаласының сот залдарында өтті. Актерларды таңдауға да қатысты. Осы актердың бет әлпеті келеді, көрерменге жағымды болады, бетінде адамның эмоция ойы шығатындай тұлға деп жөн көрсетіп отырды», – деді ҚР Жоғары соты аппаратының жетекшісі Нұрсерік ШӘРІПОВ.

Тұсаукесерге Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері, Жоғары сот мамандары, «Алматы» телеарнасының жетекшілігі, қоғам қайраткерлері қатысты. Ал қалың көрермен эмоцияға толы телехикаяны ертең сағат 17.00-де «Алматы» арнасынан тамашалайтын болады.  


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана  


Новости партнеров