Қақпақсыз құдықтар мен жолсыз көшелер. Алатау ауданының тұрғындары кәріз жүйелерін жүргізген мердігер көшенің астаң-кестеңін шығарып, кетіп қалды дейді. Екі-үш метрге дейін ойылып жатқан жолдарға талай адам құлап түскен. Ал құдықтардың қақпағы атымен жоқ.
Ағаш-жаңқалы тақтамен жабылған құдықтың Ұлжан-2 ықшамауданында бірнешеуі бар. Өткен жылы кәріз жүйесін жүргізген мердігер компания жұмысы шалағай істеді, соның кесірінен, көлік түгіл жаяу жүре алмай қалдық дейді тұрғындар. Жергілікті жұрт әр тесікті жаттап үлгергенімен, білмейтіндердің біразы құлаған.
Кәріз жүйелерін жүргізген соң ойылып қалған жердің біріне талай мәрте жеңіл көліктер мен адамдар да түсіп кеткен екен. Жергілікті тұрғындар балалар құлап, мерт болмасын деп, шамалары келгенше топырақпен жауып қойған. Дегенмен, тағы бір-екі күн жаңбыр немесе қар жауса мына жердің барлығы ойылып тағы түскелі тұр. Және кеш батқан кезде автокөліктер түсіп кетпесін деп ағашқа мынадай қап кигізіп қойыпты...
«Бұл бір ғана шұңқыр емес. Қаншама шұңқыр болды, бәрін халық өзі толтырып жатыр. Мынаны да халық толтырды өткенде. Балалар түсіп кете жаздады. Екі машина түсіп кетті, осы жерден он бала шығарылды. Өткенде мас адам түсіп кетті, оны да тұрғындар әупірімдеп алып шықты», – дейді тұрғын Бақыт АСАНОВА.
Қақпақсыз жатқан кәріз құдықтары ғана емес, жол мәселесі де көпшілікті мезі еткен. Күн құрғаса шаң көтеріліп, жауын жауса лай батпаққа айналады.
«Канализация құбыры жүргізілген соң жолды жасаймыз деді. Былтыр қазан айында қазып канализация кіргізді, сәуір айынан бастап жол төселеді деді. Міне, қарашаның аяғы, яғни жылдың соңы болды. Мен бұл жол қазір жасалады деп ойламаймын. Балаларға да обал болып кетті. Өзіміз де ешқайда шыға алмаймыз. Машина сынса балалар мектептен қалады. Такси де бұл жерге келмейді», – деп мұңын шақты тағы бір тұрғын Ақлима ХАМИТОВА.
Бұл көшелерде расымен, балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жергілікті тұрғындар қалаға немесе автобус жүретін көшелерге жету үшін аяқтарына целлофан пакеттер киіп, қолдарына ауыстыратын етіктерін алып жүруге мәжбүр.
Кәріз жүйесі іске қосылмаған соң жол жоқ, жол болмаса автобус та келмейді. Ұлжан-2 ықшамауданында мектеп болмағандықтан, балалар Ұлжан-1 ықшамауданындағы білім ордасына қатынауға мәжбүр. Ал оқушылардың сабаққа баратын жолы тіптен қорқынышты дейді ата-аналар.
«Мынау біздің балаларымыздың сабаққа баратын жолы... Басқа жолымыз жоқ. Балаларымызды осы жерден қолшаммен сабақтан күтіп аламыз. Осы сайда түрлі жағдайлар орын алды. Қыздарға деген үлкен балалар тиісіп, сырғаларын тартып алған, тіпті, бір қызды зорламақшы болған жағдай да орын алған. Осы жерде адам өлтіріп кеткен де кездер болған», – дейді Ақлима ХАМИТОВА .
Тұрғындардың уәжін тыңдаған соң Алатау ауданының әкімдігіне бардық. Алдымен ашық құдықтардың қашан жөнделетінін сұраған едік, жауаптылар бұл мәселеден хабардар екенін және жүйелі жұмыстың жүргізіліп жатқанын айтты. Ал жол мәселесі келесі жылы шешіледі деді.
«Қазіргі таңда Алатау әкімшілігінің атынан қалаға бюджеттік өтінім берілді. Сол өтінімде жол мәселесі де қарастырылған. Сметалық құжаттары жасалып, қазіргі таңда жол құрылысына 900 млн теңге ақша бөлінді. Құрылысы 2019 жылы көктемде басталады деп күтіп отырмыз. Тіпті жұмыс істейтін мердігер компания да анықталды», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік ӘШІРБЕКОВ.
Жергілікті биліктің ақпарынша, алдағы көктемде салынатын жол жыл аяғына дейін бітеді. Оған дейін тұрғындардың ескі әдетінше өмір сүрулеріне тура келеді.
Тоғжан Жалғасбекқызы , Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы