Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы: қандай салаларға басымдық беріледі?

06.10.2018 00:04

2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп аталып, мұғалімдердің мәртебесін арттыратын заң қабылданады. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсіп, құқық қорғаушылар қайта тестілеуден өтеді. Аталмыш саланы оңтайландыру да күтіп тұр.

Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында айтылған маңызды тақырыптардың бірсыпырасы ғана. Әлеуметтік, экономикалық дамуды жандандыруға бағытталған Жолдаудың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу.  

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдаулары әркезде де халық қамына арналады. Бұл жолы да Елбасы осы бағытынан таймады. Келесі жылы ең төменгі жалақы деңгейі 28 мың теңгеден 48 мыңға, яғни бір жарым есеге артады. Осылайша түрлі саладағы, кәсіпорындардағы 1 млн 300 мың адамның айлығы өспек. Бұған мемлекеттен 96 миллиард теңге қарастырылған. Бизнес те өз қолдауын таппақ. Экономикадағы көлеңкелі айналымды 40 пайызға қысқартуды тапсырған Мемлекет басшысы негізгі салығы дұрыс төленген шағын және орта бизнестегілердің өсімі мен айыппұлдарын алып тастауды бұйырып, «салық амнистиясын» жариялады. Содан соң экспорт мәселесі талқыланды.

«Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауы тиіс. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатында, Үкіметке алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жолдауда агроөнеркәсіп әлеуетін арттыру, инновациялық қадамдарға ден қою мен қаржы секторын жіті қадағалау тапсырылды. Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияға да бас-көз болуы керектігі ерекше айтылды. Тағы бір мәселе – тұрмыс сапасы, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Бес жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көзден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу міндеттелді. Сонымен қатар, ұлт денсаулығын қалыпта ұстау үшін әкімдіктер 100 сауықтыру мен дене шынықтыру орнын салуы тиіс. Енді сапасыз денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін тауарлардан, көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас сала қолға алынады. Ол үшін 2019 жылы тауарлар мен қызмет сапасын әрі қауіпсіздігін бақылайтын комитет құрылады.

Білім саласына келсек, келесі жылы мұғалімдер жүктемесін азайтып, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдануы тиіс. Ал дәрігерлерге қатысты жаңалық тағы бар.  

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдан бастап науқастарды, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді. Келесі жылы барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Елбасы.

Ал баспана мәселесі бөлек әңгіме болды. Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге жергілікті бюджеттен «7-20-25» бағдарламасымен үй алғысы келетіндерге алғашқы жарнаны төлеуге субсидиямен көмек беруін нақты меңзеді. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл ретте дәрігер, ұстаздар мен полицейлер де шетте қалмауы тиіс. Шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айтпақшы, Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырды. Құжат бойынша Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полиция өзіне тиесілі емес функциялардан арылады. Ең бастысы, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтары енгізіледі.

«Құзырлы органдар тек жазалаушы ретінде емес, азаматтарға көмек беретін қызмет ретінде қалыптасуы тиіс. Президент айтқан полицейлердің жол картасы да өте маңызды. Оның жүйеленуіне бірнеше жыл кететіні анық. Өйткені, бұл мемлекеттегі ең үлкен ведомство. 160 мың қызметкері бар жүйені қайта қарау, реттеу оңай болмағанымен, керекті бастама деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан ӘБДІРОВ.

«Президент Үкіметке ішкі нарық үшін жалпыхалықтық тауардың өндірілуін тапсырды. Бұл өте керек дүние. Әрбір қалада тігін фабрикалары мен азық-түлік өндіретін шағын және орта бизнес өкілдері бар. Оларды халық қолдау арқылы азаматтардың өмір сапасы артады. Екінші, өте маңызды жағы – отандық өндірушілерді қолдаумен біз оларға әлемдік нарыққа өту мен үйренуге қолғабыс етеміз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.

Болашақта отандық шенеуніктер ел қалаған мемлекеттік аппаратқа айналуы үшін барлығына дайын болуы керек. Қағазбастылықтан құтылып, келесі жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды баламаға ауыстырлады. Жемқорлықпен де күрес тоқтамайды деді Президент.

Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған. Ал «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды. Бұған жыл сайын кемінде қосымша 30 миллиард теңге бөлінеді. Бағдарлама алдағы 3 жыл ішінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді деп жоспарланған.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана