Әрбір адамға жайлы өмір сүру үшін баспананың қолжетімді болуы, сондай-ақ қауіпсіз әрі жайлы аула керек. Оған қоса, инфрақұрылым жүйесінің де сапалы болғаны абзал. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені де сөз етті.
Елбасы аулаларды жаппай жаңартуды бірінші болып қолға алған Алматы қаласы әкімдігін өзгелерге үлгі етті. Сөзі негізсіз емес. Мәселен, Алматыда үш жыл ішінде 1 300-ден астам аула жаңартылған. Алып шаһарда 2016 жылы 300 аула көріктендірілсе, 2017 жылы 400-тен астам аула жөндеуден өтті. Ал биыл 600-ден астамы жөнге келтіреледі. Нәтижесінде, Алматыда әрбір үшінші аула көгалдандырылған.
Айта кету керек, аулаларды жөндеу жергілікті бюджет есебінен және кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жүзеге асуда.
«Елбасы Жолдауында спорт барлығына қолжетімді болу керек екендігі айтылды. Балаларды алысқа сабылтпай, аулаларда спортпен айналысуға мүмкіндік жасауымыз қажет. Президенттің бұл бастамасын мен қолдаймын. Мәселен, өзім халыққа арнап 8 алаң салып бердім. Оның қатарында жеңіл атлетика стадионы да бар. Шынын да, турниктер салу соншалықты қаржыны талап етпейді», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Вячеслав БАНЩИКОВ.