Алматы полицейлері балаларға жаңажылдық сыйлықтар үлестірді

29.12.2018 00:10

Аяз атаға хат жазып, жаңажылдық сыйлық күткен балалардың тілектері орындалды. Оларға Алматының полицейлері мен әскерилері қуаныш сыйлап, түрлі сыйлықтар тарту етті.

Әдетте қабағы қатулы жүретін сақшылар көтеріңкі көңіл күймен бірқатар үйге бас сұқты. Қызметтік формаларын Аяз ата мен Ақшақардың әдемі киіміне ауыстырған полицейлерді көрген балалар аң-таң. Мұндай тосынсыйды күтпеген бүлдіршіндердің төбесі көкке жеткендей.

«Әр жыл сайын, әр мейрам сайын балаларға көңіл бөлеміз. Әкімдіктің қолдауымен күні кеше ғана Полиция басқармасының есебінде тұратын отбасылардың балаларына сыйлық жасадық. Мүмкіндігімізше азық-түлікпен көмектесіп, оқу құралдарын да алып беруге тырысамыз», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы ІІБ учаскелік инспекторы Диляра АНАРҚҰЛОВА.


Теги: сыйлықтар