1 қаңтардан бастап Алматы мен Түркістан аралығында «Тұлпар-Тальго» пойызы жүреді

1 қаңтардан бастап Алматы мен Түркістан аралығында «Тұлпар-Тальго» пойызы жүреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылдан бастап Алматы мен Түркістан бағытында жүрдек пойыз жолға шығады. «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған пойыз Шу, Тараз, Шымкент және Арыс-2 стансаларына тоқтайды. Алматыдан шыққан теміржол көлігі Түркістан қаласына 13 сағат 23 минутта жетеді. Сонымен қатар, мереке күндері жолаушылар сұранысының артуына байланысты қосымша вагондар іске қосылуда. Ол қай бағыттағы пойыздарға беріледі? Осы сауалға жауап алу үшін біз «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІППЕН байланысқа шыққан едік.

– Диас мырза, мереке күндері қосымша пойыздар қандай бағыттар бойынша жүреді? Қосымша вагондар қанша жолаушыны тасымалдайды?

– Желтоқсан айында 3 үлкен мереке бар. Өздеріңіз білетіндей, 1 желтоқсан –Тұңғыш Президент күні. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні және алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Осы 3 мерекеге байланысты біз 3 пойызды іске қостық. Ол Алматы мен Астана, Астана-Шымкент және Астана-Павлодар арасында қатынайтын 3 жаңа пойыз. Сонымен қатар, осы мерекелерде 800-ге жуық вагонды іске қосып отырмыз. Ол қосымша вагондарға билеттер пойыз жолға шығардан бір күн бұрын сатылымға түседі.

– Бұл баға нарығына қаншалықты әсер етеді? Билет шектеулі болса, неліктен оның құны шарықтап кетеді?

– Әрине сұраныс өте көп. Жолаушылар өте көп. Біздің басты міндетіміз – жолаушыларды тасымалдау. Сондықтан қосымша вагондар іске қосылған соң, билет құны қымбат бола қоймайды деп ойлаймыз. Өйткені, бізде 52 маңызды әлеуметтік бағыт, 16 коммерциялық бағыт бар.Сондықтан қосымша пойыздар іске қосылып жатыр және қосымша 800 вагон бар. Сол себепті, Жаңа жылға қарай билеттің құны сондайлық қымбат бола қоймайды деген ойдамыз.

– Биыл пойыздарды жаңғырту жұмыстары аясында қанша қосымша вагондар қосылды? Алдағы жоспар қандай?

– Өздеріңіз білетіндей, бізде қазір жолаушылар тасымалдайтын 2188 вагон бар. Оның 670-і «Тұлпар-Тальго» вагондары. Жартысынан астамы 1975-1995 жылдар аралығында құрастырылған және 2006-2011 жылдары шығарылған вагондар. Енді жоспар бойынша алдағы 10 жылдың ішінде ескі вагондарды алмастырамыз. Олардың орнына 1200-ге жуық жаңа вагон келеді.

– Енді, биыл қосылған жаңа бағыттарға тоқталсаңыз? Білуімше, Алматыда жаңа 5 бағыт іске қосылған?

– Иә, дұрыс айтасыз. Желтоқсан айының 9-ы күні бізде Қарағандыдан жаңа бағыт іске қосылды. Ол ресейлік Томск қаласына барады. Яғни, Қарағанды-Томск қаласы бойынша жаңа бағыт іске қосылды. Алдағы 2019 жылы Алматыдан Түркістанға қатынайтын жаңа пойыз іске қосылады. Сонымен қатар, 2019 жылы жаңа 3-4 бағытты іске қосқалы отырмыз. Оны біз алдын-ала хабарлайтын боламыз.

– Диас мырза, уақыт бөліп сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров