Алматыда алғаш өткен кинофестиваль туындыларын 10 мың көрермен тамашалады

Алматыда алғаш өткен кинофестиваль туындыларын 10 мың көрермен тамашалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ALMATY FILM кинофестивалінде ұсынылған туындыларды 10 мың көрермен тамашалады. Дегенмен, бұл сан әлі де артуы мүмкін. Өйткені, бүгін кинобәйге көрсетілімдерінің соңғы күні болғанына қарамастан, ұйымдастырушылар конкурстық бағдарламаға қатысқан туындыларды ертең де қайталап көрсетпекші. Ал төрт күн бойы фестивальге төрелік еткен қазылар ең мықты фильмнің авторын анықтау үстінде.

Төрт күн бойы киносүйер қауымға үлкен қуаныш сыйлап, алуан түрлі фильмдерді көруіне мүмкіндік берген ALMATY FILM фестивалі өз мәресіне жетуге таяды. Шара басталғалы көрермендер 30 кинотуынды тамашалаған. Олардың 10-ы конкурстық бағдарламаға қатысып жатыр. Кинофестиваль тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан, көрермен тарапынан үлкен қолдау тапты. Сондықтан болар, көрсетілімдерде ине шаншыр орын жоқ. Әсіресе, отандасымыз Әділхан Ержановтың фильмі аншлагпен өткен.

«Мен өзіміздің алматылық кинофестивальдің болуын көптен күттім. Бұл фестиваль бұрынғыларға ұқсамайды. Мұнда көбінесе жастар қатысуда. Ешкімнің шығармашылық көзқарасына шектеу жоқ, барлығы еркін, тәуелсіз түрде өтуде. Мені әсіресе, киногерлердің өзара жақын араласуы және көрермендердің фильмдерге ерекше қызығушылық тудыруы қуантты. Кеше өз фильмім көрсетілгенде, зал лық толы болды. Қатты таң қалдым. Бәйгеде жеңіп шығу мақсатым емес, ең бастысы, көрерменге туындымды көрсеткеніме қуаныштымын», – деді кинорежиссер, ALMATY FILM FESTIVAL қатысушысы Әділхан ЕРЖАНОВ.

ALMATY FILM фестивалі жас болса да, әлемге белгілі кинофестивальдерден еш кем түспейді. Әсіресе, жаһанға танымал киногерлердің Алматыға аяқ басуы шараның мәртебесінің биік екенін аңғартады дейді қатысушылар. Фестиваль аясында аты әлемге әйгілі режиссерлер шеберлік сабақтарын өткізуде.

«Бұл кинофестиваль тұңғыш фестивальге ұқсамайды. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өз басым Алматыға төртінші рет келіп отырмын. Қала жылдан жылға көркейіп келеді. Ал бұл фестиваль қаланың атын әлемге әйгілеп, бірлескен өнім жасауға мүмкіндік береді», – дейді кинорежиссер (Оңтүстік Корея) Ким Ки ДУК.

Қазақстандық көрермендер фестиваль кезінде тың туындыларды тамашалады. Әсіресе, жоғалудың алдында тұрған жануарлар жайлы түсірілген «Панда» фильмін киносүйер қауым жылы қабылдады.

«Панданы барлық елде жақсы көреді. Бұл фильмнің сәтті шығуының кілті де осында. Біз фильмде пандаларды сақтап қалу туралы бағдарлама жайында айтамыз. Сіздердегі жоғалу қаупі төніп тұрған қар барысы туралы да естідім. Ол өте сирек кездесетін жыртқыш. Олар туралы фильм түсіргім келер еді. Егер осы ойымды жүзеге асыруға көмектесетін ғалымдар табылса, қуанар едім», – деді кинорежиссер (АҚШ) Дрю ФЭЛЬМАН.

Жалпы, ALMATY FILM кинофестивалінде ұсынылған туындыларды бүгінге дейін 10 мың көрермен тамашалаған. Дегенмен, бұл сан әлі де артуы мүмкін. Өйткені, ұйымдастырушылар ертең күндіз конкурстық бағдарламаға қатысқан туындыларды қайталап көрсетпекші. Ал кешке қарай салтанатты шараның жабылу рәсімі болады. Айта кетсек, фестивальдің жабылуы кезінде Бас жүлдені жеңіп алған туынды қайтадан қойылатын болады.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров