|
18.09.2018 | 20:12
6000

Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылды

Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылды

Алматыда дабыл белгісін қосып, науқас әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылды. Оқиға бүгін таңғы сағат 11-ден 43 минут кеткенде Мақатаев көшесінің бойында орын алған.

Жеңіл көлікті тақымдаған жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермеген. Оны бейнетіркегіштегі жазба дәлелдей алады дейді бригада өкілдері. Кейін «Фольксваген» көлігін басқарған жүргізуші ашуға мініп, жедел жәрдем жүргізушісіне жолдың қақ ортасында жұдырық ала жөнелген. Желіге тараған видеода жас жігіттің Николай Кучманың жағасына жармасып, көліктен түсіріп алғаны анық көрініп тұр. Соққыдан жедел жәрдем жүргізушісінің қабағы жарылып, бірнеше жерінен жарақат алған.  

«Мен ол көліктің алдын кескенім жоқ. Екі аралықта орын болғандықтан сонда қарай жүрдім. Өйткені, көлікте жедел ота жасалуы тиіс науқас болатын. Жас жігіт бір жаққа асықты ма немесе ашулы болды ма, білмеймін. Ол жедел жәрдем көлігін айналып өтіп, бірнеше рет алдымды орады. Кейін тіпті, алдыма тұрып алды. Еш негізсіз, өзі келіп мені ұра бастады», – деді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясының жүргізушісі Николай КУЧМА.

Қазір жұдырық ала жүгірген жігіттің Түркия азаматы екені анықталып, ұсталды. 28 жастағы жігітке бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталып, медициналық сараптама жүргізілуде. Ал Медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері бұл биылғы осыған ұқсас 4-ші оқиға деп отыр. Көп жағдайда көлік жүргізушілері жол бермек түгілі, дәрігерлердің өздеріне шабуыл жасайтын деректер көбейгенін айтады.  

«Жедел жәрдем станциясының жұмысына кедергі жасалды. Осы жағдайды пайдалана отырып, біздің қаланың тұрғындарына айтқым келетіні – шалынған қоңырауды қабыл алғаннан кейін біздің дәрігерлеріміз немесе фельдшерлеріміз қысқа уақыт ішінде науқасқа алдын ала диагноз қойып, көмек көрсету үшін оны дереу ауруханаға жеткізуді бірінші міндеті санайды. Міне, енді осы оқыс оқиғаның арқасында жұмысымызға кедергі келді», – деп пікір білдірді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Сәбит ПАЗЫЛОВ.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир