Әр қазақстандық өзіне қолжетімді медициналық пакет түрін пайдалана алады

Әр қазақстандық өзіне қолжетімді медициналық пакет түрін пайдалана алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылдан бастап Бірыңғай ақпараттық деректер қоры іске қосылады. Осы арқылы әрбір қазақстандық өзіне қолжетімді медициналық пакет түрін пайдаланады. Ал азаматтардың мәртебесін анықтау жұмысы келер жылы да қолға алынбақ. Жауаптылардың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін түрлі мемлекеттік орындардағы деректер бір арнаға тоғыспақ.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленген жарна бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Бұл халық санының көптігіне және тұрғындардың аталған жаңашылдық туралы хабардар болуының арқасы дейді жауаптылар. Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, енді ол 2020 жылдан бастап жұмыс істейді.

«2017 жылдың шілде айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің тарапынан және жеке кәсіпкерлердің тарапынан жарна түсе бастаған еді. Осы уақыттан бері жиналған ақшаның көлемі 122 миллиард теңгені құрап отыр. Жалпы соманың ішіндегі 21 пайыздан астамы Алматы қаласының үлесінде. Алматы бірінші орында тұр. Екінші орында – Астана қаласы, одан кейін Қарағанды облысы тұр», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Ал биылдан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, тек жұмыс берушілер ғана жалақы қорынан 1,5 пайыз көлемінде жарна төлейді. Кәсіпкерлер мен азаматтар 2020 жылдан бастап аударады. Аталған өзгеріс жұмыс берушілерге қиындық туғызбайды екен. Өйткені, 1 қаңтардан бастап әлеуметтік салық көлемі 1,5 пайызға төмендетілген.

«Жеке кәсіпкерлер және азаматтық құқықтық шарт есебінде жұмыс істейтін жұмысшылар 2020 жылдан бастап қана жарна төлейтін болады. Ал жеке құқықтық шартпен жұмыс істеп жатқан азаматтар өз табысынан 1 пайызын ғана төлейді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 2 пайызға өспек», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Келер жылдың аяғына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында Бірыңғай ақпараттық деректер қоры құрылатын болады. Ол жерде әр азаматтың мәртебесі белгілі. Өзіңіз тіркелген емханаға келіп, жеке сәйкестендіру нөміріңіз арқылы сізге медициналық көмектің қай түрі белгілі екенін біле аласыз.

«Әр тұрғын өзінің мәртебесін білуі маңызды. Себебі, оған жарнаны мемлекет, жұмыс беруші немесе өзі төлеу керектігін білуі керек. Осы арқылы оған тиісті медициналық пакет тағайындалады. Осы мақсатта қала көлемінде түрлі акциялар ұйымдастырылды. Қоғамдық орындарға, аулаларда, тіпті тұрғындардың үйлеріне барып, статустарын анықтау бойынша жұмыстарды жүргіздік. Бұл келер жылы да қолға аланатын шара», – деді Алматы қаласы «№5 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас дәрігерінің орынбасары Толқын РАЗИНОВА.

«Мен зейнеткермін. Маған медициналық сақтандыруды үкімет төлейтінін білемін. Бұл біз үшін өте қолайлы. Енді медицинаның сапасы да тиісінше жақсарады деп ойлаймын», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Сәуле НҮСІПОВА.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қазақстандықтарға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылады. Бұл ретте азаматтардың мәртебесі айқын болуы шарт. Себебі, сақтандыру арқылы жүргізілетін емдомнан бөлек, мемлекет тарапынан да кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі. Қазір олардың көлемі мен көрсетілетін қызмет түрлерінің жиынтығы нақтыланып жатыр.

«Қазір министрлікте бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медициналық пакеттерді екіге немесе үшке бөлу керек. Сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін көмек және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пакеттері нақтыланып, айқындалуда», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Зәбира ОРАЗАЛИЕВА.

Бұл ретте әлеуметтік осал топ өкілдері мемлекет тарапынан қолдау табады. Оның ішінде қазіргі алып жүрген көмектері мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу бұрынғыша қала бермек. Ал сақтандыру пакетінің аясында жүргізілетін медициналық көмектің кейбір түрлері өте қымбат болуы мүмкін. Егер сақтандыру жүйесіне қатысатын азамат жылына орта есеппен 30 мың теңге жарна төлейтін болса, қымбат тұратын оталарды, мысалы жүрекке шунт жасау операцияларын тегін жасата алады. Олардың бағасы шамамен 2 миллион теңге тұруы мүмкін.


Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров