Алматыда шорт-тректен әлем кубогінің үшінші кезеңі өтіп жатыр. Үш күнге созылатын бәсекеде ел намысын 6 ұл, 6 қыздан құралған команда қорғайды.
Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті бәсекелердің ішіндегі беделді ойындардың бірі саналатын әлем кубогінің Қазақстанда өтуі – Халықаралық конькишілер федерациясының елімізге берген жоғары бағасы деп мәлімдеді.
Қысқа қашықтықта мұз үстінде жылдам заулайтын шорт-трек бәсекесіне Қазақстаннан өзге, әлемнің 18 мемлекетінен 150-ден астам спортшы келген. Бүгін басталған жарыста спортшылар іріктеу кезеңінен өту үшін айдында сайысты. Спорттың бұл түрінен еліміздің ұлттық құрамасында 16 спортшы болса, олардың 12-сі осы кубоктық кезеңде бақ сынаспақ.
«Жарысқа қатыспай өткендері: Әлия Ким – 1000 метр, Настья – 500 метр, олар ертең шығады. Сондай-ақ, ерлер арасында Жұмағазиев Нұрберген ертеңгі жарыста 1,5 мың метрге шығады. Шорт-тректен мықты мемлекеттер: Венгрия, Канада, Голландия, Корея мен Қытай», – деді шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали ҚАРСЫБЕКОВ.
Жаттықтырушы атаған спортшылар бүгін іріктеу кезеңіне қатыспай, бірден ширек финалға жолдама алғандар. Халықаралық спорт комитетінің талабы бойынша жарысты өткізуші ел осындай жеңілдікке ие болады. Ал бүгінгі іріктеу ойындарында Денис Никиша, Анастасия Крестова, сонымен қатар, ерекше үміт артып отырған Абзал Әжіғалиев бастаған конькишілер ертеңгі ширек финалға қиналмай өткен.
2 қараша күні Канаданың Калгари қа¬ласында отандасымыз Абзал 500 метрлік бәсекеде 40 секундта жеңіске жетіп, күміс медальды иеленген еді. Айрықша үміт артып отырған жігіттердің қатарында 1000 метрге жүгіретін Нұрберген де бар. Жалпы, шорт-тректен әлем кубогінің Қазақстанда алғаш рет өтуі де үлкен мәртебе.
«Біз үшін әлем кубогінің осында өтуі – үлкен мәртебе. Ұйымдастыру жұмыстарына келсек, 18 елден келген қонақтарымыздың көңілінен шығып жатыр. Спортшылар 500-1000 метрден өзге, топтық сайыста 3 мың, 5 мың метрге жүгіреді. Жауапкершілік пен талап қатал болғандықтан жарысқа мұз айдынын жоғары сапада дайындадық», – деді Алматы қаласы Спорт құрылыстары дирекциясы маркетинг бөлімінің басшысы Нағима МИРЗАКИРОВА.
Жалпы, шорт-тректен 2018-2019 жылдардағы маусымдық бәсекесі бес кезеңнен тұ-рады. Жаттықтырушының айтуынша, бұған дейін қазақ спортшылары АҚШ-та өткен жарысқа бара алмай қалғандықтан, жинап келе жатқан балдық көрсеткіштері біршама азайып қалған. Сондықтан спортшыларымызға осы жолы да, жуық арада Италия мен Германияда өтетін 4-5 кезеңде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу міндеті қойылған. Бес кезең бойынша биіктен көрінген сырғанаушылар ғана 2019 жылы наурыз айында Болгарияның София қаласында өтетін әлем чемпионатына қатыса алады. Сондықтан алдағы екі күн бойы «Халық Арена» трибунасынан жанкүйерлердің спортшыларымызға қолдау көрсетуі маңызды болмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы