|
13.11.2018 | 19:17
6909

Алматыда қызанақтың бай-бағландарға арналған түрі өсіріле бастады

Алматыда қызанақтың бай-бағландарға арналған түрі өсіріле бастады

Алматыда ауқаттыларға арналған қара қызанақ өсірілді. Индустриалды аймақтағы жылыжайда шыққан қызанақтың өзіндік құны қымбат болғандықтан, әзірге тек тапсырыс берушілерге ғана жіберіліп жатыр. Сондықтан қара қызанақ әзірге нарыққа шығарылмайды. Жылыжай басшылары есесіне, халықты қыста өзге көкеністің түрлерінен қысылмайтындай қамтамасыз етеміз дейді.  

Бес гектар жерде қиярдың 147 мың түбі бар. Үш ай сайын ауыстырылатын әрбір түпте кемі 20 келі қияр жиналады. Биылғы қыстың алғашқы өнімін жинап жатқан агрономдар күніне 17-18 тонна қиярды нарыққа жібереді.

Жылыжайдан алынған өнімдер қыспен бірге қымбаттаған көкөніс бағасының аса шарықтап кетпеуіне себепкер болмақ. Топырақсыз, тек су арқылы минералды қорекпен өсетін қиярға голландиялық әдіс қолданылады. Ылғалды жерде ерекше күтіммен шыққан өнімдердің 60 пайыздан астамы Алматы тұтынушыларына, қалғаны өзге өңірлер мен Ресейге экспортталады.  

«Көкөністерді гидропоника әдісімен өсіреміз. Арнайы минералды тыңайтқыштарды өсімдікке беру арқылы өсімдік қажетті минералдарды топырақсыз-ақ өзіне ала алады. Жазда өнім көп болады. Өйткені, күн молынан түседі», – дейді агроном Нұрсұлтан АШЫҚБАЕВ.  

Ал томат өсіретін бес гектар жерде қызанақтың 8 түрінен өнім жиналып жатыр. Оның ішінде «қара қызанақ» аталып кеткен «Хуанита» сорты голландиялық әдіспен алғаш рет өсіріліп, тек тапсырыс берген мейрамхана мен бай-бағландар ғана баратын дүкендерге жіберіліп жатыр. Басшылардың айтуынша, бұл сорттан күніне 300 келіге дейін өнім жиналғанымен, оның өзі тапсырыс берушілерден артылмайды.

«Қара түсті қызанақтың аты «Хуанита». Оның екі түрі бар. Кумато деген үлкен түрі және кішкенесі бар. Олардың бәрін премиумды секторға жіберсек деп отырмыз. Дәмі өте ерекше. Көрдіңіздер. Лимончело деген сортымыз бар. Олардың барлығы жоғары санатты алушыларға арналған», – деді жылыжай директоры Нұрлан ӘДІЛХАН.  

Қазір Алматыда мемлекеттің қолдауымен органикалық табиғи таза өнім өсірумен айналысатын осы бір ғана ірі жылыжай бар. 12 гектар жерде өсетін өнім Алматыдағы нарықтың тек 30 пайызын ғана қамтиды. Жыл көлемінде 4 мың тонна қияр, 3500 тонна томат өнімдерінен басқа, баклажан мен бұрыш та өсіріліп жатыр. Бірақ бұның бәрі жоғары сұранысты қамти алмағандықтан, жылыжайдың аумағын тағы 10 гектарға ұлғайту жобасы тұр.


Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир