Алматының 2050 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп жатыр – әкім

Алматының 2050 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп жатыр – әкім
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалалық әкімдікте өткен жиында Жолдауда айтылған тапсырмаларды сапалы жүзеге асырудың жолдары айтылды. Ол үшін мегаполис басшылығымен қаланың үшжылдық жоспары қабылданды. Яғни, сапалы білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз етуге бағытталған 100-ден астам іс-шара қолға алынбақ.

Жолдау жүктеген тағы бір маңызды міндет – қаланың урбанизация және даму мәселесін шешу жолдарын қарастыру. Бүгінде әлем елдерінің 70 пайызының экономикасы үлкен қалаларда қалыптасады. Сондай 600 мегаполистің қатарына Алматы да кіреді. Елбасы тапсырмасы бойынша халықаралық кеңесшілермен бірлесе отырып, оңтүстік астанамыздың ұзақмерзімдік яғни, 2050 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп жатыр деді Бауыржан Байбек.  

«Біздің мақсатымыз – Алматыны қолайлы, ыңғайлы қала ету. Мұнда тұратын әр адамның өмір сапасын жақсартуымыз керек. Ол үшін қалада жыл сайын орта есеппен, 5 пайыздан төмен түспейтін экономикалық өсім болуы қажет. Еңбек өнімділігін 2 пайызға, ал жұмыс өндірісінің жобасын 15 жылда 1,5 есеге, 30 жылда 3 есеге арттыруымыз қажет. Бұған жетуге жағдай жасайтын ең алдымен экономика құрылымындағы жүйелі өзгерістер», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бауыржан Байбек сондай-ақ, Президенттің көлеңкелі экономика айналымын 40 пайызға қысқарту міндетін алға қойғанын атап өтті.  

«Цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз ететін, бюрократияны азайтып, азаматтар мен бизнестің шығындарын азайтудың ең тиімді тетігі. Бүгінде қаламызда 40-тан астам Smart Almaty жобасы жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Алматы әкімі.

Айта кетейік, бүгінде қалалық экономиканың 80 пайыздан астамы сауда мен қызмет көрсету орталықтарына тиесілі. Соңғы жылдарда сауда саласын дамыту мен жаңғырту мықтап қолға алынды. Соңғы 3 жылда сауда-саттықты дамытуға 240 млрд теңге жеке қаржы жұмсалған. Оған қоса, «Оңай» және «А-паркинг» төлем құралдары іске қосылды. Нәтижесінде, салық көлемі өткен жылдың 9 айының көрсеткішімен салыстырғанда 12,7 пайызға артып, 1,3 трлн теңге жиналды. Салық көлемінің артуы өз кезегінде бизнес пен әлеуметтік шығындарға жұмсалатын болады деді Алматы әкімі.

Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда соңғы 8 айда салықтан қалалық бюджетке 13,2 пайызға артық табыс түскен. Оның 6 пайызы шағын және орта бизнес есебінен болған.  


Новости партнеров