Апаттық үйдегі қауіпті өмір! Мыңдаған астаналық отбасы құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйді паналап, жан бағуға мәжбүр. Бүгінде елордада 110 апаттық жағдайдағы баспана бар екен. Мәселені шешуге осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған «Апаттық тұрғын үйлерді сүру» жобасы септігін тигізуде. Алайда, жұмыс қарқыны бәсең. Қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының мамандары алғашқы бесжылдықта 3 200 отбасыны су жаңа пәтерге көшіргенін айтады. Ал биыл екінші бесжылдық басталған.
Алтынсары көшесі, 6/2 үй мекенжайындағы үйде 30 жылдай тұрып келген Глеб Степанов қираған үйдің кірпіштерінің астында қаламын ба деп қорқады. Осыдан екі жыл бұрын арнайы комиссия бұл баспананы «апатты» деп таныған.
«Үйіміз әбден тозған, әзер тұр. Апатты жағдайда. Бір күні қабырғалары шытынап, құлай ма деп қорқамыз», – деді Глеб СТЕПАНОВ.
Ал Күләнда Балғынтаеваның Глеб ағайға қарағанда бағы бар екен. Қабырғасы сонау 1942 жылы қаланған үйді 8 жылдай паналаған. Соңғы жылдары қарт әжей құлаудың алдында тұрған баспананың бейнетін көріп келіпті. Сексеннен асқан оның тіпті, денсаулығы да сыр бере бастаған. Тұрып келген баспанасы «апатты тұрғын үйлерді сүру» қанатты жобасының екінші кезеңіне іліккен. Осылайша, осыдан бір жеті бұрын Күләнда апа су жаңа, жарық пәтерге көшірілді.
«Әбден тозған, қабырғалары жарылған, едені қисық. Көктем болса астынан су кетеді. Сол жерде 7-8 жыл тұрдым. «Үйіміз нашар» деп күнде әкімдіктің мазасын ала бердік. Міне, жаңа үйге кіргізді. Біреулер ұнамайды деп қайтарып отыр. Маған ұнайды», – дейді Күләнда БАЛҒЫНТАЕВА.
Анықталғандай, бүгінге дейін аталған бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталған. Осы уақыт аралығында Астанада 228 үйден 3200 отбасы жаңа үйлерге көшіріліпті.
«2018-2022 жылдарға арналған бесжылдықта 36 апатты үйден 740 отбасыны көшіру жоспарланған. Биылғы жылдың өзінде алты үйден 84 отбасыны жаңа үйлерге көшіріп жатырмыз. Тұрғындар үйлерінің аумағына тепе-тең аумақтағы пәтерге ие болуда. Мәселен, егер адам 30 шаршы метр үйде тұрып келсе, 30 шаршы метрден кем емес пәтерді алады», – деді Астана қаласы Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы Айнагүл ТӘКІРОВА.
Әкімдіктің уәкілетті органы – «Елорда даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оларға 40 миллиард теңге көлемінде несиелік қаражат бөлінді. Аталған компания пәтерлердің жартысын еркін нарыққа сатса, қалған жартысын сүрілген үйлердің тұрғындарына береді. Ал құлатылған үйлердің орнына саябақтар салынуда. Мамандардың сөзінше, кейбір аумақта тұрғын үйлер де бой көтермек. Бүгін Севастопольск көшесі, 17 мекенжайында кезекті сүру жұмыстары басталды.
Сүріліп жатқан бұл үйде осыдан шамамен, жарты ай бұрын адам тұрды дегенге көз сенгісіз. 60-шы жылдары бой көтерген баспанаға осыдан үш жыл бұрын «апаттық жағдайда» деген статус берілді. Мұнда тұрып келген 12 отбасы бағына қарай су жаңа тұрғын үйге көшірілді.
Астанада бүгін құлағалы тұрған, апатты жағдайдағы әлі 110 үй бар. Оларды паналап жатқандардың күтуден басқа амалдары жоқ. Кезең-кезеңмен өтетін бағдарламаға ілінеміз деген үмітте.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана