Он айда 114 адам: Алматы полициясы жол апаты құрбандарын еске алды

Он айда 114 адам: Алматы полициясы жол апаты құрбандарын еске алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық полицейлер жол апаты құрбандарын ерекше еске алды. Олар жантүршігерлік апатқа ұшырап, тас-талқаны шыққан көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Сөйтіп сақшылар тас жолда тайраңдайтын тізгіншілерді тәртіпке шақырмақ. Өйткені, айтып келмейтін апат салдарынан шаһарда адам өлімі көбейіп кеткен. Биылғы он айдың өзінде көлік апатынан 114 адам мерт болыпты. Қара жолда қаза табатындарды азайту үшін полицейлер енді көлік жылдамдығына қатысты жаңа ереже енгізгелі отыр.

Қызмет барысымен тас жолда талқандалған талай тағдырды көретін полицейлер бүгін көлік апаты құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша гүл шоқтарын қойып, қара шарларды аспанға ұшырды. Ал тас жолда тайраңдайтын тізгіншілерді тәртіпке шақыру үшін мына күл-талқаны шығып, жарамсыз болып қалған көліктер көпшілік назарына ұсынылды. Жантүршігерлік апат салдарынан ішіндегі жолаушылары өлім құшқан машиналарды полицейлер қала көшелерімен алып жүрді.

Полицейлер мұндай шара арқылы жүргізушілерді жолда абай болып, сақ жүруге шақырып отыр. Өйткені, Алматыда соңғы кездері көлік апаты жиілеп кеткен. Биылғы он айдың ішінде қалада 4000-ға жуық жол апаты тіркелген болса, 114 адамның өмірі дәл осы тас жолда қиылған екен.

Қара жолда қаза тапқандардың қатарында осы бұғанағы бекімеген жас балалар бар екен. Ауыр апаттың салдарынан осы жылы жарақаттанғандардың саны артқан. Полицейлердің айтуынша, қалада жол апатының жиілеуіне жаяу жүргіншілердің көшені көлденең кесіп, тыйым салынған жерден өтуі себеп болуда. Сондай-ақ, жүргізушілердің жол ережесіне селқос қарайтындығы да жантүршігерлік апаттарға әкелуде.

«Жол-көлік оқиғаларының ең басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде, жылдамдықты асырып жүруі немесе маневр жасап басқа көліктерге жол бермеуі салдарынан болып жатыр», – дейді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Алматыда жол-көлік апатын азайтып, желдей жүйткіген жүргізушілерді тезге салу үшін полицейлер енді көлік жылдамдығын қатаң бақылауды қолға алмақ. Ол үшін тіпті шаһардағы бейнекамералардың барлығына жаңа ереже енгізілді. Бұдан былай қала ішінде сағатына 60 немесе 80 шақырымнан асыруға тыйым салынған бейне бақылаудан өткен соң, келесі камераға жеткенше жылдамдықты үдетуге болмайды. Өйткені, ақылды камералар сіздің сол аралықты қанша уақытта жүріп өткеніңізді автоматты түрде санап шығарады.

«Бұл жаңа ереженің ерекшелігі – жылдамдық шегін тек посттарға жақын жерден емес, бүкіл бағыт бойымен анықтайды. Қазір жүргізушілердің көбі бақылау камераларының тек алдында ғана жылдамдықты азайтып, посттан өткеннен кейін бірден жылдамдықты асырады. Енді екі пост арасындағы уақытты дәл көрсететін сервер орнатамыз. Мәселен, сіз сол аралықты 5 минут емес, 3 минутта жүріп өтсеңіз, жылдамдықты асыра сілтедіңіз деген ұйғарым шығарылады», – деді Алматы қаласы ПД техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Ольга АГАФОНОВА.

Жылдамдықты есептейтін жүйе қалада бұрыннан бері істеп тұрған камераларға енгізілді. Полицейлер қазір бұл жүйені шаһар бойынша 110 бекетке орнатқан. Ал жақын күндері оны 140-тан асыруды көздеп отыр. Айта кетсек, жаңа ережені елемей, жылдамдықты асырғандарға желтоқсан айынан бастап айыппұл салынады.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров