Алматыда жекеменшік жатақхана қожайыны ырқына көнбеген жас отбасыны далаға қуып шыққан

09.01.2019 00:28

«Жатақханада тұрғың келсе, 10 күн еден жуасың!» Алматыдағы жекеменшік жатақхана қожайыны өз ырқына көнбеген жалдаушыны осындай ішкі тәртіппен жазалағысы келген. Бұл талапты орындаудан бас тартқан жас отбасыны қожайын дәл Жаңа жыл қарсаңында көшеге қуып шыққан. Үнсіз кеткісі келмеген жігіт прокуратураға шағымданыпты.

Бұл дауда заң кімнің тарапында? Жеке жатақхана жалдауда нендей ережелерге сүйенген жөн?

Жаңа жыл қарсаңында жатақхана қожайыны тұрғын Еркебұлан Сәдуақасовты дәл осылай қуып шыққан. Даудың басы – жатақхананың ішкі талаптарын тиянақты орындамаудан басталса керек. Әуелі, белгілі бір себептермен тұрғындар жиналысына қатыса алмай қалған Еркебұлан ел-жұрттың алдында сөз естідім дейді. Оған қоса, жатақханадағы сенбіліктен қалыс қалғаны үшін жағдай одан әрі ушығып кетсе керек. Ар-ожданымды аяқ асты етті деген Еркебұлан «қожайынның бұл қылығына мойынсұну жігіттік намысыма сын болды» дейді. Ерегістің соңы дәл Жаңа жыл алдында жас отбасының далада қалуымен жалғасқан. Алып шаһарда барар жері жоқ жігіт дереу учаскелік полиция қызметкерлерін бірнеше рет шақыртқан. Әйтсе де, сақшылардың әрқайсысы әр түрлі деректі алға тартыпты.

«Апаймен жеке сөйлесті, менімен жеке сөйлесті. Сол кезде олар маған: «Егер қалғың келсе, апайыңнан кешірім сұрап тіл табысып, бір сыйлығын алып бер. Ал қалмаймын десең, онда апай шығарып жібереді. Өйткені, ол жекеменшік жатақхана, сені бір күнде шығарып жібере алады» деп айтты. 29 желтоқсан күні сол кісінің Шамшат көмекшісі келіп кетті. Ол кісі апайға: «Жоқ, сіз бұл отбасыны шығара алмайсыз» деп тік айтып кетті. Ал бірақ сол 29-ы күні мені шығарып жіберді», – дейді Еркебұлан СӘДУАҚАСОВ.

Еркебұланға жатақхана қожайыны «егер осында ары қарай тұрғың келсе, 10 күн бойы осы жердің еденін жуасың» деген талап қойыпты. Бұл шартқа келіспейтінін кесіп айтқан ол есесіне, қаражатын төлеп, тазалық жұмыстарын өзгеге жасатуды жөн көріпті.

«Болмаса, үшінші этаждың еденін 10 күн жуасың. Сондай шартым бар. Сол кезде жатақханада қала бересің» деп шарт қойды маған. Бірақ мен ол шартқа көнген де, еденді жуған да жоқпын», – деді Еркебұлан СӘДУАҚАСОВ.

Барлығы 80-нен астам бөлмені жалға беріп отырған Айгүл Арақбаева мұндай талап қойғанын растап отыр. Жатақхананың ішкі тәртібі осылай деп қысқа қайырды. Келісімшартта жатақхананың тазалығына қатысты жалпы шарға қатысуы міндеттеледі деп көрсетті. Алайда, Еркебұлан Сәдуақасов ешқандай құжатқа қол қоймағанын айтты.

«Иә, мен 10 күн бойы еден жуасың дегенім рас. Егер жалпы тазалық шарасына қатыспаса несіне тұрады мұнда? Келісімшарт бойынша егер жатақхананың ішкі талаптарын орындамаса, біржақты шешіммен шығарып жіберуге қақым бар. Әу баста үш жігіт болып тұрған кездегі келісімшарт бар. Қазір жұбайымен бірге тұрады. Екеуіне келісімшарт әлі жасалған жоқ», – деді жатақхана иесі Айгүл АРАҚБАЕВА.

Заңгерлердің сөзінше, жатақхана қанша жерден жекеменшік болғанымен, заңды тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген. Сондықтан соттың шешімінсіз өз еркімен тұрғынды қақаған қыста далаға қуып жіберуге қақысы жоқ дегенді алға тартады. Ал паналайтын жерің жоқ па, онда еден жу деген талап қою – ішкі тәртіптің талабына сай емесін алға тартады.

«Егер бір тарап екінші тараптың құқығын бұзған жағдайда, ол мәселенің бәрі сот арқылы реттеледі. Тарап қай жақ болса да, тұрғын үйден шығару туралы талап арыз қоюға міндетті. Егер арызданушы тиісті органдарға арызданған жағдайда, әкімшілік құқықбұзушылықтың 434-бабының 3-ші тармағымен жазалануы мүмкін», – деді заңгер Аркен КЕНЖЕМОЛДАЕВ.

Бір анығы, қазір Еркебұлан Сәдуақасовтың мәселесі Алатау ауданының прокуратурасы мен Ішкі істер басқармасында қаралуда. Арызданушы тарап, ешқандай киім-кешек пен құжаттарын алуларына мұрша бергізбеген деген айыппен коммендант пен полиция қызметкерлерінің үстінен шағым түсірген екен. Анығын айтқанда, Қазақстан Республикасының ӘК 149-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылуын сұрапты.


Әйкерім Ердәулетқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы