Алматы облысында жүзге жуық жылқыны барымталаған ұрылар қолға түсті. Қылмыстық топ құрамында 26 мен 46 жас аралығындағы 5 азамат болған. Олар Талғар, Кеген аудандарының және Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.
Қылмыстық тексеріс барысында барымташылардың нақты үш фактіге қатысы бары дәлелденді. Келтірілген материалдық шығын 26 млн теңгеге бағаланып отыр.
Үш қылмыс та өткен жылдың қазан, қараша айларында орын алған. Күдіктілер Жалаңаш және Кіші Жалаңаш ауылы тұрғындарының 87 бас жылқысын айдап әкеткен. Алғашында 25 бас, екінші рет 30, соңғысында 32 жылқыны барымталаған ұрылар сұраусыз алған «олжаларын» Іле, Талғар аудандарындағы таныстарына тапсырып отырған.
«Осы үш факті бойынша қазіргі уақытта ұсталған күдіктілердің қатысы бар екені дәлелденді. Қазір ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалған, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр», – деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан НҰРАХМЕТ.
Ал дәл бүгін Алматы облысының Іле ауданында 312 бас қойды қолды қылған қылмыстық топ құрықталды. Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, ұсталған күдіктілердің 6 эпизодқа қатысы бары анықталған. Қылмыстық топтың мүшелері 26 мен 38 жас аралығындағы 5 адамнан құралған. Қазіргі таңда күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр. Тергеу изоляторына қамалған ұрылардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша іс қозғалып, соталды тергеу ісі басталған.