«Астана медиа апталығының» үшінші күні өз мәресіне жетті. Екі мыңнан астам қатысушы қызыға тамашалған шараның соңғы күнінде көз үйренген, көңілге жақын дәстүрлі журналистика мен ақпарат айдынындағы жаңа ойыншы – блогер-вайнерлер жарысы талқыға салынды. «Астана диджитал форум» деп аталатын жиында БАҚ өкілдері мен ғаламтордың саңлақтары өзара тілдесті, ой бөлісті.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Astana Media Week жобасын өткізудегі, яғни журналистер, медиа саласының мамандары мен продакшн-компанияларының бір жерге жинағандағы мақсаты – бір-бірімен тығыз араласып, түйткілді мәселелерді сөз етсін дегені анық. Ведомствоның бұл ойы іске асты. Медиа апталықтың қорытынды, үшінші күнінде «Астана диджитал форумының» алаңына блогерлер, вайнерлер мен журналистер жиналды. Басқосуда екі тараптың да біріге атқарар жұмысы көп екендігі анықталды.
«Астана Медиа апталығында республикалық арналар өздеріне қызықты, ерекше ойлай білетін продакшн-компанияларын ашты. Олардың бір-біріне деген көмегі де зор болмақ. Бірінші күні осы продакшндардың қандай түрлі жанрдағы фильм, мультфильм, бағдарлама мен то-шоу ұсынатынын көрдік. Бұл ретте ғаламтордағы блогерлерді атап өткен жөн», - деді ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен АБАЕВ.
Шетелден келген мамандар да интернетті дұрыс пайдалана білген вайнерлерге, блогерлерге және дәстүрлі журналистика мамандарына көмек бере алатындығына сенеді. Екеуі бір сала, бірақ екі «әлемнің» өкілдері бірін-бірі конвергентті, демек жан-жақты да ете алады деген ойлар бар.
«Қазақстан үлкен жобаны қолға алған. Оны мен нақты айта аламын. Қараңызшы, енді ғана өздерін жан-жақты танытып келе жатқан блогерлер мен вайнерлер осындай ірі шараға қатысты. Енді екі тарап Қазақстан болашағы үшін қызмет етсе жақсы болар еді. Мысалы, түрлі жобаларды бірлесіп атқарса, балаларға, жастарға арналған рухани азық болатын дүниелер ұсынса – бұл ортақ жеңіс болмақ», - дейді Беларусь Республикасы ақпарат министрінің орынбасары Павел ЛЕГКИЙ.
Медиа апталықтың соңғы күнінде дауыс беру арқылы анықталған ең үздік баспасөз-қызметкері мен сайт атауы анықталды. Оның соңы «Қазмедиа» концерт залында үлкен мерекелік шараға ұласты.
Естеріңізе салайық, шараның алғашқы күні продакшндар су жаңа туындалырының көрмесін өткізді. Екінші күні мерейтойы жақындаған өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары марапатталды. Олардың арасында 20 жасқа толған телеарналар мен 100 жылдық тарихы бар баспасөз көздері болды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана