Саратов облысында пойыз бен автобустың қақтығысуынан зардап шеккен екі қазақстандық азаматтың жағдайы тым ауыр. Бұл туралы бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері хабарлады.
Жүргізушілер жол көлік апаты орын алған жерден бірден Саратов қаласының ауруханасына жеткізілген. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа автобус жүргізушісі себепші болуы мүмкін.
«Осыдан екі күн бұрын қазақстандық автобус Ресей Федерациясының Саратов облысында теміржол пойызымен соқтығысып, салдарынан бес адам қаза тапты. Автобустың ішінде жеті жолаушы болған. Оның бесеуі қайтыс болды. Қайтыс болғандардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылады. Жүргізуші және оның көмекшісі – Қазақстан Республикасының азаматтары. Олар тірі. Бірақ жағдайлары өте ауыр. Қазіргі таңда Саратов облыстық ауруханасында. Туыстары хабардар, қазір сонда. Тергеу жүргізіліп жатыр. Біздің Астраханьдағы консул бұл мәселені ерекше бақылауына алып, күнделікті жұмысын жүргізіп жатыр», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.
Ал бүгін тағы да Қазақстаннан Ресейге қарай жолға шыққан автобус апатқа ұшырады. РИА новостидің хабарлауынша, оқиға Екатеринбургке қарай бет алған жолаушылар көлігіне қатысты Астана уақытымен сағат 9-да орын алған. Қайғылы жайт кезінде автобус ішінде 17 адам болған. Алдын ала болжам бойынша, көлік жүргізушісі автобусты басқара алмай, жыраға қарай құлаған.