ЕАЭО-ға ортақ валюта енгізудің қажеті жоқ – Тимур Сүлейменов

20.12.2018 в 00:38

Еуразиялық экономикалық одаққа бірыңғай валютаның енгізілуі жөніндегі ұсынысты Қазақстан қолдамайды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов төл валютамыз – егемендігіміздің символы екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, жуырда ғана Ресей Федерациясының ұлттық төлем кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері өзара есеп айырысатын бірыңғай электронды валюта енгізу керек дегенді ұсынған болатын.  Айтуларынша, электронды ақша санкция кезіндегі екіжақты есептесу шарттарын жеңілдетеді-міс. Алайда, қазақстандық тарап оны қолдамайды.

«Еуразиялық экономикалық одаққа бірыңғай валютаны енгізуге қатысты пікірімізді біз бірнеше мәрте айтқан болатынбыз. Бұл менің саяси, мемлекеттік тұлға ретіндегі жеке көзқарасым. Менің ойымша, Әнұранымыз, Туымыз бен Елтаңбамыз сияқты, ұлттық валюта да – егемендігіміздің символы. Сондықтан біз оны барынша сақтап, дамытуымыз қажет. Ал қандай да бір квази, проксивалюталарға жол бермеуіміз қажет», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.