|
20.12.2018 | 19:40
3877

Ақмола облысында полицей келіншек 2 баланы өрттен құтқарып қалды

Ақмола облысында полицей келіншек 2 баланы өрттен құтқарып қалды

Батырлық білекте емес, жүректе. Полицей келіншек екі баланы өрттен құтқарып қалды. Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Ақбота Еңсебаева отқа оранған жер үйге еш қорықпастан кіріп, тілсіз жау шарпыған аумақтан екі бірдей бүлдіршінді алып шыққан. Содан соң жалынды өшіруге көмектескен. Төтенше жағдай Ақмола облысы Қоянды ауылында орын алған.

Астанадағы Кинологиялық қызмет орталығының кіш іинспекторы Ақбота Еңсебаева оқыс оқиға орын алған күні үйінде жұбайы және екі баласымен болған. Түнгі сағат он жарымдар шамасында көршісінің үйінен әлдебір жарылыстың дыбысын естігенін айтады. Жұбайы екеуі жүгіріп шығып, әп-сәтте қызыл жалын жалмап жатқан үйге кіреді.

«Мен үйге кірген кезде от қатты лаулап, жанып жатты. Дереу үйге кірдім, өйткені, ойымда тек балалар ғана болды. Көмек көрсетейін деп ойладым да, дереу әрекетке кірістім. Үйге кіріп, балаларды алып, дереу далаға шығып, өзімнің үйіме алып келдім. Балаларды үйге алып келгенімде, от үйдің екінші жағына шарпыды», – деді Ақбота ЕҢСЕБАЕВА.

Осылайша, полицей келіншек 4 және 7 жасар баланы ажал аузынан құтқарады. Алайда, бұл жайындағы сұхбатта қысқа ғана жауап қайырды. Себебі, өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайды екен. Ондай төтенше жағдайда әрбір азамат осылай істер еді дейді. Атап өту керек, өрттен зардап шеккен көршілерін Еңсебаевтар отбасы далада қалдырмай, үйлеріне кіргізген. Ал қызыл жалынға баллонға газдың шамадан тыс толтырылуы себеп болуы мүмкін.

Куәгерлердің сөзінше, тілсіз жау үйді небәрі, жарты сағаттың ішінде жалмап өткен. Отқа оранған басапананың қазір іргетасы ғана қалып отыр. Ал қақаған қыста далада қалған бүтін бір отбасы әзірше тума-туыстарының, таныстарының үйін паналауға мәжбүр.

Сары аязда баспанасыз қалған отбасыға қазір елордалық еріктілер көмек қолын созуда. Олар аяқасты қиындыққа тап болған жанұяға бір айға пәтер жалдап берген екен. Бұдан бөлек, киім-кешек, төсек орын мен азық-түлік әкеліп, ақшалай да көмек беріп жатыр.

«Біз өте қиын жағдайға тап болдық. Үйіміздің күлі ғана қалды. Қыста балалармен далада қалу деген қиын екен. Барлық құжаттарымыз да өртеніп кетті. Қайда барып, көмек сұрайтынымызды да білмейміз», – дейді Сәуле есімді тұрғын.

«Бізге әкімдік те, жалпы билік өкілдері де емес, қарапайым бұқара көмектесіп жатыр. Біреу тамақ әкеп берсе, енді біреуі төсек-орын, киім-кешек алып келді. Алғысымыз шексіз. Біраз тығырыққа тіреліп тұрмын. Себебі, бұл үйді салуға бүкіл қаражатымды жұмсадым. Тұрғанымызға жарты жыл ғана болды. Енді қайтадан баспана көтеруге қауқарым жоқ», – деді Қанат КӘРІПОВ.

Қыс ортасында далада қалған отбасының жағдайы жан ауыртады дейді көршілері. Ал баспанамыз өртенсе де, басымыз аман қалды деген отбасы мүшелері ертеңгі күндеріне үмітпен қарайды. Бастысы, баласын құтқарған полиция қызметкері Ақбота Еңсебаеваға айтар алғыстары мол.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир