ШҰҒЫЛ: БҚО-да 1 миллионға жуық балық қырылып қалды

ШҰҒЫЛ: БҚО-да 1 миллионға жуық балық қырылып қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылының маңынан ағатын Шолақанқаты өзенінде балықтар қырылып қалды. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет өзінің Facebook-парақшасында жазған.

Бұл ақпарат кеше Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясына келіп түскен. Оқиға орнына табиғатты қорғаушылармен бірге полиция және жергілікті билік өкілдері келіп жетті.

Анықталғандай, Шолақанқаты өзенінің шлюзіне жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Осыған байланысты жиналған судың негізгі бөлігі ағысқа жіберіліп, тереңдігі 15-20 сантиметрлік көлшік су қалып қойған. Шолақанқаты ауылдық округінің әкімі хабарлағандай, жөндеу жұмыстарын жүргізген жұмысшылар күні бойы көлшікте қалып қойған балықтарды өзенге жіберіп, құтқаруға күш салыпты. Алайда, түнде аяз болып, су қатып қалған. Салдарынан, көлшікте қалған балықтың бәрі қырылды.

«Мұз қатқан көлшіктің жалпы аумағы 1800 шаршы метр. 1 шаршы метрде орта есеппен 500 балық болған. Қырылған барлық балықтың саны шамамен 900 мыңға жетіп отыр. Олардың қатарында айнакөз, қызылқанат, қылышбалық және мөңке балық бар», - делінген Сәкен Ділдәхмет таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда Сырым аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғау үшін құжаттарды әзірлеп жатыр екен. Қоршаған ортаға келтірілген шығын көлемі де есептелуде.

Новости партнеров