Уақыт және кеңістік философиясы. Дәл осындай атаумен сценограф, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Мұрат Сапаровтың есеп беру көрмесі өтті.
Мұрат Исмайылұлы театр сахнасында бүгінге дейін 30-дан аса қойылымды суреттеген. Ол 2002 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-суретшісі болып қызмет етеді. Өзіндік қолтаңбалары арқылы ерекшеленетін суретшінің қойылымдары философиялық ой тереңдігімен ерекше.
«Мұрат Сапаровтың 50 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылып отыр. Мұрат Сапаров оқуды бітіргеннен кейін бірден осы театрыға келді, содан бері 22 спектакльдің безендіруін жасады. Қазір оны өзіндік стилі, өзіндік философиялық ойы қалыптасқан суретші ретінде тануға болады», – деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-режиссері Әубәкір РАХИМОВ.