Алматы телеарнасы Астананың мерейтойына арналған байқаудың жеңімпазы атанды. Әділқазылар алқасының шешімімен ұжымға үздік телевизиялық сюжет номинациясы табысталды. «Астана - ұлы дала елордасы» байқауының марапаттау сәтін біздің түсірілім тобы да тамашалап қайтқан еді.
Мамыр айында басталған конкурсқа жүзге жуық жұмыс келіп түскен. Аз уақыт аралығында қазылар олардың үздігін таңдап, бүгін жеңімпаздарды сән салтанатпен марапаттады. Материалдардың барлығы жас, жарқын, әдемі Елордамыз - Астана төңірегінде дайындалған. Марапаттау рәсімінің Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесімен сәйкес келуі де кездейсоқтық және алғашқысы емес.
«Біз енді шама-шарқымыз келгенше сіздердің тынымсыз еңбектеріңізді бағалауға тырысамыз. Былтыр білесіздер қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаның бастамасымен қаламыздың мың жылдығының аясында дедік, мың бояулы қала деген атаумен арнайы сайыс ұйымдастырған болатынбыз. Оның марапаттау шарасы былтыр өздеріңіздің қатысуларыңызбен «Алматы» телеарнасында өткен болатын»,-деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.
Сайыс жеті номинация бойынша өткізілген. Үздік телевизиялық сюжет, радиоматериал, баспада жарияланған мақала, ақпараттық агенттіктердегі материалдар, әлеуметтік желілер мен үздік фотоматериал және үздік вайн. Әр тақырыпқа ақшалай жүлде қоры 1 миллион теңге. Сарапшылардың пікірінше, Алматы телеарнасының Елорда туралы дайындаған деректі фильмі үздік деп танылып, арнайы марапат пен қомақты жүлдені иемденді.
«Менің ойымша, бұл марапат лайықты берілді. Арнайы жобалар бөлімі арнамызда үнемі оқ бойы оза шауып тұрады. Қолдарынан келмейтін дүниесі жоқ. Басқалардан ерекшелігі сапасы мен жылдамдығы. Сондықтан мен Дана Бақтығалиева мен оның командасы үшін өте қуаныштымын»,-деді «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Рита ЖҮГІНІСОВА.
Әріптестеріміз дайындаған сюжет Астананың дамуына үлес қосқан қарапайым адамдар арқылы сөйлейді. Сол үшін түсірілім тобы арнайы Елордаға да аттанған. Басында кейіпкерлерді таба аламыз бе деген қорқыныш та болған көрінеді.
«Елордамыздың көркеюіне, өркендеп өсуіне атсалысқан қарапайым жандардың әңгімесін тыңдау. Сол кісілер қандай белестерден өтті, басынан не өткерді? Сол кісілердің әңгімесін тыңдай отырып, елордаға адал еңбек сіңірген, оның қарқындап дамуына атсалысып жүрген жандар көп екен. Біз негізі, басында, жобасын сызғанда, жоспарлаған кезде ондай адамдар таба аламыз ба? Таба алмаймыз ба? - деген күмән болды. Әр қайсысы әр саланың мамандары: біреуі құрылысшы, біреуі кәсіпкер, тағы біреуі өнер жолын қуған жандар, енді бірі Астананың құрдасы - 20 жастағы студент бала. Мінекей сондай кейіпкерлердің әңгімесіне негіздедік»,-деді «Алматы» телеарнасы меншіктік өндіріс департаментінің директоры Дана БАҚТЫҒАЛИЕВА.
Үздік телевизиялық сюжеттің толық нұсқасы Алматы арнасының эфирінен Астананың туған күнінде, алтыншы шілде күні көрсетіледі.
Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы.