Келесі жылы Алматыда 5 көше тұрғындар ұсынысы бойынша жаңартылады

Келесі жылы Алматыда 5 көше тұрғындар ұсынысы бойынша жаңартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының орталық көшелерін ерекше кейіпте түрлендіру жұмыстары келер жылы да жалғасады. Жоспар бойынша қаланың 5 көшесі тұрғындардың ұсынысы бойынша жаңартылады. Шаһардың ажарын айшықтау үшін тұрғындар өз ұсыныстарын қайда жіберуі тиіс? Және орталық көшелер болашақта қандай кейіпке енеді? Бұл туралы біз Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕДЖАНОВТАН сұрап білсек.

– Алмасхан мырза, келер жылы қаланың 5 көшесі жаңартылады екен? Ол қай көшелер және неге дәл сол аумақтарды таңдадыңыздар?

– Келесі жылы біз 5 көшеге және Кіші Алматы өзені мен Есентай өзенінің қиылысына жаңарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қандай көшелер екенін атап өтер болсақ, олар: Қонаев көшесі, Төле би көшесі, Жібек жолы көшесі, Қабанбай батыр және Бөгенбай батыр көшелері. Негізінен, ол жерлерді біз жаяу жүргіншілерге ыңғайлы, адамдар демалатындай қолайды етіп жасамақпыз. Жалпы, қала көшелері, тротуарлар жаяу жүргіншілерге арналған ғой. Енді сол жерлерді жаңартып, демалатын жерлерді, балалардың ойын алаңдарын кеңейтеміз.

– Көшелер қалай түрленеді? Нақты қандай өзгерістер орын алады? Кеңінен тоқталсаңыз? Ондағы үйлердің қасбеттері өзгере ме?  

– Үйлердің қасбеттері өзгертпейміз, тек жаңартамыз. Неге? Мысалы, әр үйдің де  әр адам сияқты өз ерекшелегі болуы керек. Енді жаяу жүргіншілерге арналған алаңдар көбейеді, жаңа аллеялар салынады, жаңа ағаштар отырғызылады. Ескі ағашқа тиіспей, тек ауру ағаштарды алып тастаймыз. Жаңа отырғыштар, қоқыс жәшіктері орнатылады. Бұрын қойылған отырғыш сәкілер тез сынып қалатын, енді олардың бәрін ұзаққа шыдас беретін түрлеріне ауыстырмақпыз.  

– Жоспар бойынша қаладағы екі өзеннің жағалауын да үлкен өзгерістер күтіп тұр екен? Соған тоқталсаңыз?

– Кіші Алматы өзені, Есентай өзені қиылыстарына жөндеу жұмысатары жүргізіледі. Мысалы, барлық шетел қалаларына қарасаңыз, судың жағасында адамдардың көп жүретінін байқайсыз. Ал біздегі қаламыздың қақ ортасынан өтетін көрікті өзендердің маңынан ешкімді көрмейсіз. Сол себептен де, біз осы өзен қиылыстарын адам көп келетін демалыс орталығына айналдырсақ дейміз. Шағын архитектуралық пішіндер қоямыз. Бірақ келешекте атқарылатын сол жұмыстардың бәрін қала тұрғындарымен ақылдасып жүзеге асырамыз. Интернетте қандай қиылыстардың абаттандырылатынын, қандай болатынын, қандай аумақтарды қамтитынын, қандай көше жиһаздары қойылатынын, бәрін көрсетіп қойғанбыз. Тек жылдың аяғына дейін қала тұрғындарының ұсыныстарын тыңдап, қарап шығамыз да, артынша жобаны жүзеге асыруға кірісеміз.  

– Қала тұрғындары өз ұсыныстарын қайда жіберсе болады?

– Тұрғындар үшін бізге өз ұсыныстарын жіберудің көп жолдары бар. Біз Интернет арқылы келсе де, жазбаша канцелярия арқылы келсе де, сол жолдардың бәрін пайдалана отырып, өзімізге түскен ұсыныстарды түгел  қабылдаймыз. Тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескерілетін болады.  

– Алмасхан мырза, әңгімеңізге рахмет!


Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров