Елімізде «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» деген атаумен жаңа мемлекеттік орган құрылады. Азаматтық авиация комитетіне тікелей бағынатын акционерлік қоғам әуе рейстерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Отандық мамандарға бір жүйеге үйренісу үшін британдық әріптестері көмек береді. Сондай-ақ, аталған орган азаматтық авиациядағы қауіпсіздік деңгейінің көрсеткішін арттыруға ықпал етпек. Азаматтық авиация комитеті Заң басқармасының басшысы Жамалбек ҚАРЖАУМЕН арнамызға сұхбат беріп, жаңа құрылымның жоспарлары туралы айтып берді.
– Жамалбек Райымбекұлы, Азаматтық авиация комитетінің аясында әуе рейстерінің қауіпсіздігін бақылайтын жаңа акционерлік қоғам құрылайын деп жатыр екен. Жаңа орган алдағы уақытта қауіпсіздіктен бөлек тағы қандай жұмыстармен айналысады?
– Мемлекет басшының ұлт жоспарының 68-ші қадамында Азаматтық авиация комитетінің қызметін Азаматтық авиацияның британдық агенттігінің моделіне бағыттау туралы тапсырмасы бар. Сол тапсырманы іске асыру үшін Үкіметтің мақұлдауымен бүгінгі күні «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік коғамы құрылды. Енді бұл құрылымға азаматтық авиация комитетінің бірнеше функциясын беруді көздеп отырмыз. Соның ішінде сертификаттау, сертификаттық құжаттарды беру және техникалық бақылау мен қадағалау функцияларын беру сынды қызмет түрлері бар.
– Ведомство әуе компанияларындағы оқыс оқиғалар мен қауіпсіздік шараларын қолға алады дедіңіз. Ендеше штаттан тыс жағдайлар қаншаға азаяды?
– Акционерлік коғамыға белгілі бір функцияларды бере отырып, мемлеке тарапынан қадағалауды артыратын боламыз. Ол ұйымға білікті мамандарды тартып, саладағы ауқымды жұмыстарды атқаруымыз керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету талабы жоғары болады. Білікті мамандардың артуымен оқыс оқиғалардың саны азаяды. Тағы бір мақсатымыз – шетелдік мамандарды, соның ішінде британдық ЮКИСИ корпорациясынан кеңесшілерді тарту. Олар бастапқы жұмыстарға техникалық көмек көрсететін болады.
– Бүгінде Азаматтық авицация комитетінің құрамында 40-қа жуық инспектор бар екен. Ал осы акционерлік қоғам құрылуымен инспекторлардың саны арта ма, әлде кеми ме?
– Азаматтық авиация комиететінде бақылау, қадағалау жұмысын жүзеге асырып отырған 40-тан аса инспектор бар. Ал, жаңадан құрылған акционерлік қоғамда инспекторлар санын 100-ден асыруды көздеп отырмыз. Қызметкерлердің штаттық бірлігі артады. Жұмысқа тек жоғары білімді, білікті мамандар тартылмақ. Демек, штаттың саны бүгінгі саланың сұраған маман санына сәйкестендіріледі. Олардың жалақысы да артпақ. Бұл талап Халықаралық азаматтық авиация комитетінің стандарттарында көрсетілген.
Бүгінгі күні Қазақстанның авиация қауіпсіздігін 73 пайызға тең дейміз. Егер де осы жоғарыда аталған функцияларды акционерлік қоғамның құзырына берер болсақ, қауіпсіздік деңгейін 80 пайыздан артық көрсеткішке жетуі тиіс.
– Жамалбек Райымбекұлы, керек әрі тұщымды ақпаратыңызға көп-көп рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржан СӘДІРБАЙ, «Алматы» телеарнасы, Астана