Осы жексенбіде Алматының бірнеше көшелері уақытша жабық болады. Қалада алғаш рет жартылай марафон ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, дәстүрлі велошеру өтпек. Аталған 2 шара әл-Фараби даңғылының бойында өтеді. Бұдан өзге тағы қандай көшелерде қозғалысқа шектеу қойылады? Спорттық шаралар қанша уақытқа созылады?
Жартылай марафон Алматыда алғаш рет өткелі отыр. Сондықтан ұйымдастырушылар шараны ойдағыдай етіп өткізу үшін тыңғылықты дайындалған екен. Марафонға қатысушылар 21 шақырымды оңай еңсереді деген сенімде. Өйткені жол бойында спортшылар үшін шатырлар тігілмек. Онда қатысушы су ішіп, тез тамақтанып алуына болады.
«Жол бойындағы шатырларды, бағытты көрсетіп тұратын белгілерді орнату жұмыстары түнде жүргізіледі. Яғни түнгі сағат 12.00-ден бастап Тұңғыш Президент саябағынан бастап әл-Фараби даңғылының кейбір бөліктері жабылады. Мәселен, марафоншылар көшенің солтүстік бетімен жүгірсе, оңтүстігінде көліктер еркін қозғала береді. Абай даңғылында солтүстік бағыты ашық болады. Біз жүргізушілерге де ыңғайсыздық тудырмаудың жолдарын қарастырудамыз. Жартылай марафонға қатысушыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Шара ойдағыдай өтеді деп ойлаймын», – деді «Алматы Марафон» директоры Салтанат ҚАЗЫБАЕВА.
Жартылай марафон таңғы сағат 8-де Тұңғыш Президент саябағынан басталады. Спортшылар түскі 11 шамасында орталық стадионда орналасқан мәреге келеді деп жоспарланып отыр. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, марафоншылар жүгіріп өтетін әл-Фараби даңғылы Назарбаевтан Саин көшесінің аралығы, одан төмен Абай даңғылына дейін көлік қозғалысына тыйым салынады. Биыл жартылай марафон шарасы дәстүрлі велошерумен тұспа-тұс келіп отыр. Велосипедшілер әдеттегідей таңғы сағат 9.30-да «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан Тұңғыш Президент паркіне дейін жүріп өтеді. Яғни, әл-Фараби даңғылының осы аралығы шамамен, сағат 11:00-ге дейін жабық болады.
«Велошеру өтетін бағыт толығымен жабылмайды. Мәселен, спортшылар жарысы басталған соң, соңғы қатысушы Сейфуллин көшесін жүріп өткеннен кейін, сол аралықты ашамыз. Келесі Шашкин, Марков көшелері деп жалғасып кете береді. Көшелер кезекпен кезек ашыла береді. Мұндай шешім жүргізушілердің де ыңғайлылығы үшін жасалып отыр», – деді велошеру ұйымдастырушысы Айдос БАҒАШЕВ.
Спорттық шараларды ұйымдастырушылар тұрғындарға бағыттарын алдын ала жоспарлап алуларын ескертеді. Айта кетейік, мәреде барлық қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен велосипедтер ойнатылады. Аталмыш велошеру 2018 жылы жоспарланған 21 велошерудің он тоғызыншысы.
Өмір Әнуарбек, Алтыншаш Смағұлова, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы