21 жыл бұрын қосылған Райымбек пен Кеген аудандары бөлінді

10.04.2018 15:35

21 жыл бұрын қосылған Райымбек пен Кеген аудандары бөлініп, Нарынқол қайта құрылған жаңа ауданның орталығы болды. Енді шалғайда шатқалақтап қалған ауылдардың жағдайын жөндеу үшін облыс бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінбек. Бірақ ұзақ жыл қаңырап қалған әкімшілік ғимараттар мен сұрқы кеткен Сарыжаз, Сарыбастау сынды ондаған ауылдардың келбетін көтеруге өңірдің кәсіпкерлері де тартылмақ. Тұрмысы тұралап қалған елге облыстың барлық аудандары қол ұшын созуға дайын.

Тұмса табиғатымен көрген жанды өзіне баурайтын, батырлар мен ақындарды, руxы өр, өресі биік тау тұлғаларды өмірге әкелген қастерлі де қасиетті мекен- Нарынқолдың қазіргі келбеті бұл. Бір кездері атағы алысқа кетіп, абыройы Хан тәңіріндей асқақ болған киелі мекен қараусыз қалып, халық саныда селдіреп қалған еді. Талай тарихи оқиғалар өткен ғимараттар қирап, қораға айналған.

Кегеннен қайта бөлініп,  Нарынқолға көшкен ауданды аралап шыққан облыс әкімі алдағы жұмыстардың ауыр, әрі жоғары жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Өзінің құрылыс инженері екенін еске салған әкім күрделі жөндеу жүргізілетіні, қайта тұрғызылатыны бар ғимараттардың келбетінің ғана емес, сапасына да сынмен қарау керектігін жаңа тағайындалған аудан әкіміне ескертті.

«Мекемелердің барлығы құқық органдары келеді. Жастар келу үшін қазір, міне, солардың бәрін жасауға ғимараттардың бәрін аралап көріп шықтық. Содан кейін олар бір жерде тұру керек. Тұрғын үйлер салу, көшелерді абаттандыру, су құбырын, электро құжаттарын, өзгеде аудан орталықтарына керек заттарды тез жасап береміз», - деді  Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ. 

Аудан жұмысын жүргізуге әзірге 140 қызметкер алынып, оларға 50 жаңа үй салынады. Ауыл ішінде қараусыз, қирап қалған үйлерде қалыпқа келтіріледі. Құны 1 миллиард 200 миллон теңге шамасындағы алып спорт кешені салынбақ. Өңір басшысының айтуынша, мемлекеттен бөлінген қаржыға қарап отырмай, бизнесмендер де ат салысулары тиіс. Райымбек ауданы табиғатқа ғана емес, тарихқа да бай өлке. Сондықтан киелі орындарды қайта жаңғыртып, туризм саласын дамыту мықтап қолға алынбақ. Жеке шыққан ауданда аз уақыттан соң этно ауыл, қодас өсіру, сафари саяхаттарын ашу жоспарда бар екен. 

«Бұл жердің  табиғаты өзінің көркемдігін, шынайлығын, әсемдігін әлі күнге жоғалтпаған. Су десе суы бар, ну десе нуы бар. Тауы қандай керемет. Енді Нарынқол қайта бас көтеріп жатқан кезде елдің тұрмысын көтеруге, мемлекеттік бағдарламаны әрі қарай жүзеге асыруға, біз ішкі туризмді дамытуға жаңа бастама жасап жатырмыз», - деді Жәмила ТӨЛЕНОВА.

Облыстың үш қаласы мен 17 ауданының басшылары да асарлатуға ат салысады. Нарынқолдың  аты шықан картобын көбейтуден бөлек, голландияның сопақ картобы қолға алынып, мал  басын өсіретін шаруаларға қаржы берілмек. Президенттің «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер туралы» қаулысына сәйкес аумақ Кеген және Райымбек болып, екіге бөлінді. Бөктердегі бұқара Нарынқол ауылының қайта аудан орталығы атануы өңі қашқан өңірге жаңа серпін береді деген үмітте. Себебі, 1997 жылы әкімшілік-аумақтық құрылымдарды оңтайландыру саясатына орай біріккен болатын.

Екі рет қосылып, осымен үшінші рет бөлініп отырған Райымбек ауданын қайта құрудың мақсаты - кезінде үдере көшкен көпті кері қайтару, шекара шебін мықтап, осындағы жұрттың жағдайын жасау. 21 жылдан кейін қайта бөлініп шыққан осы Нарынқол өңіріне 11 ауылдық округ пен 20 ауыл кіріп отыр. Алыс аймақтағы ауыл адамдардың жағдайын билік аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгертеміз деген уәдемен тарасты.