Ұлы дала тарихының құпияларын ашу үшін шетел мұрағаттарын зерделеу керек – ғалымдар

26.11.2018 в 21:55

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала ұзақ уақыт зерттелген, қазаққа ортақ құнды заттарға Елбасының берген саяси бағасы. Саяси бағаның берілуі  өз зерттеушілерін күтіп жатқан көптеген құнды заттардың  жарыққа шығуына жол ашады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысында айтылды.

Елбасының мақаласын талқылаған ғалымдар науқаншылыққа салынбай, нәтижелі іс бітіру үшін бірнеше ұсыныстарды айтты. Олардың пікірінше, архивтік жабдықтарды жаңарту мен архивке кірудің жолын жеңілдету. Әрі, кең даламыздың қойнауындағы құпияны ашу үшін шетел мұрағаттарын зерделеу.  

«Қытайда Қазақстанға ниеті, көзқарасы дұрыс жақсы ғалымдар бар ғой. Соларды тарту керек. Оларға жергілікті архивті береді. Мына Өзбекстаннан архивті алу қиын. Бірақ Өзбекстанда біздің қаншама  азаматтарымыз тұрып жатыр. Солар арқылы жұмыс істеу керек. Өйткені, тарих – идеологиялық саяси күрес алаңы. Оны біз елемей, ескермей жүре алмаймыз», – деді тарих ғылымдарының докторы Хангелді ӘБЖАНОВ.