Алматыда көкөніс пен негізгі азық-түліктің бағасы қымбаттамайды

Алматыда көкөніс пен негізгі азық-түліктің бағасы қымбаттамайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрақтандыру қоры – төмен баға кепілі. Алматылықтар көкөністен тарықпауы үшін биыл 6 мың тонна өнім алынған. Бұл мақсатта қазынадан жарты миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, қорда ерекше маңызы бар азық-түліктің 19 түрі сақталады. Ал қала тұрғындары оны ірі сауда орталықтарынан сатып ала алады.    

Қант – Тұрақтандыру қорына енген өнімнің бірі. Бүгінде оның көлемі 10 мың тоннадан асады. Бұдан өзге, отандық өндірушілерден 1500 тонна қант сатып алмақ. Сондай-ақ 1 қазаннан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында 150 мың тонна қант өндіретін 3 зауыт іске қосылады.

«1 қазаннан бастап Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты, сонымен қоса, Жамбыл облысындағы қант шығаратын зауыттар осы қазаннан бастап іске қосылады деген жоспар бар. Тұрақтандыру қорында болған қант жазғы маусымда сатылып кетті. Енді алдымызға қойып отырған мақсатымыз – 1500 тоннадай қантты тауар өндірушілердің өздерінен көтерме бағамен Тұрақтандыру қорына қорына алып, бағаны сақтап тұру үшін үстіне үстеме қоспай, сол алған бағада сатамыз», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.

Алматыда қант бағасының өзіндік құны 40 пайызға дейін көтерілген. Ал супермаркеттерде әлеуметтік мәні бар тауарлардың көтерме бағасы небәрі 11 пайызды құрайды. Қазіргі кезде қаладағы бір келі шекердің орташа бағасы 245 теңге тұрады. Алматыға жеткізілетін өнімнің әр тоннасы – 220 мың теңге.

«Қант бағасының көтерілуі алыпсатарлық сипатқа ие. Қант тапшылығы туралы ақпараттарды ести сала, жеткізушілер мен өткізушілер базардағы бағаны әдейі көтеріп жіберген. Алыпсатарлар қолдан тапшылық жасап отыр. Тұрақтандыру қоры тауар интервенциясын жоспарлы жүргізуде», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дамир ТАЗАБЕК.

Қалада тұрғындарды қыста көкөніспен қамту үшін 6 мың тонна өнім сатып алынбақ. Бұл мақсатта қазынадан 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде картоп, сәбіз, пияз бар. Олар ірі сауда орталықтарында саудаланады. Қажетті азық-түлік қоры Алматы облысындағы қоймада сақталатын болады. Тұрақтандыру қорына картопты отандық шаруалар көтерме бағада және делдалсыз жеткізеді. Осы көкөніс түрі 20 мың тоннаны құрап отыр.  

«500 миллион теңгеге алып жатқан тауарымыз ақпан, наурыз, сәуір айларында  сатылымға шығарылмақ. Қазір алдын ала сатып алып қоямыз. Қыстыңгүні ондай көкөніс өнімдері 150 теңгеден 200 теңгеге дейін жоғары болып кетеді. Сәбіз бен картоп бағасы 150 теңге шамасына, ал пияз 120 теңге көлеміне көтеріледі. Ал бұл жолы олай көтерілмейді деп отырмыз», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.

Тұрақтандыру қорының қоймасында әлеуметтік маңызы бар тауар арасында ұн, макарон, жарма, қант және өсімдік майы да бар. Бұл өнім түрлерін үш жылға 925 миллион теңгеге 4220 тонна сатып алынған. Қазіргі таңда қордағы өнім көлемі – 1700 тонна. Бірінші сұрыпты ұн – 347 тонна, өсімдік майы – 699, қарақұмық – 348 және макарон – 347 тонна. Айта кету керек, барлығы елімізде өндірілген өнімдер.

«Біз әлеуметтік маңызы бар тауарларға ұдайы мониторинг жүргіземіз. Егер нарықта бізде сақталып тұрған қандай да бір өнімнің тапшылығы тіркелсе, не болмаса бағаның өсуі байқалса, шұғыл түрде шара қолданамыз. Яғни, тауарлық интервенция жасалады. Тұрақтандыру қорындағы өнімдерді келісім жасалған ірі сауда орталықтарына сатылымға шығарамыз», – деді «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрғали КӨРПЕТАЕВ.

Алматыда ең қажетті деген 19 түрлі азық-түліктің қоры бар. Оның барлығы арнайы қоймада сақталады. Олар ірі сауда орындарында саудаланады. Өткен жылы супермаркетте нарықтан төмен бағада, 1 миллиард теңгеден астам қаржыға 9600 тонна көкөніс сатылған екен.

«Алғашында келісім бойынша мұндай жүйе арқылы сатып алынған азық-түлік 2 мың тоннадан аспайды деп болжанған. Бұл жерде нәтиже көрініп тұр. Бұл әдістің тиімді екені байқалған. Осы тәжірибе бойынша яғни, аталған ережеге өзгеріс енгізу туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс айтылды», – деді Нұрғали КӨРПЕТАЕВ.

Тұрақтандыру қорындағы тауарлар нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағада сатылады. Қала тұрғындарын көкөніспен қамту үшін өнім көбінесе, Алматы облысынан әкелінеді. Бұл бағаны ұстап тұру және сөрелердің жүйелі толықтырылып отыруы үшін арнайы құрылған қор. Павлодар, Алматы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасалған. Бүгінде алматылықтар жыл сайын 750 мың тонна көкөніс және 400 мың тонна жеміс-жидек тұтынады. Тұрғындардың сұранысын отандық өндірушілер 70 пайызға қанағаттандырады. Ал қалған 30 пайызы шеттен әкелінеді. Көбінесе экзотикалық және тропикалық жемістер импортталады.

«Осы бағаны ұстап тұруға бүгінгі күні қаламыздың 6 ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ол жәрмеңкеге осы Алматы облысының қалаға жақын орналасқан аудандарының шаруа қожалықтары келіп, өз өнімдерін  делдалсыз сатады», – деді Қанат КӘКЕН.

Бүгінгі күнге дейін демалыс сайын 400-ге жуық және 3 маусымдық жәрмеңке өткен. Көкөніс пен жеміс-жидек делдалсыз сатылатындықтан, баға да қолжетімді. Қазір жәрмеңкелердегі маусымдық көкөніс пен жеміс-жидек бағасы әлдеқайда арзандаған дейді әкімдік өкілдері. Жуырда алып шаһарда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталмақ. Алматылықтар бұл жерден ет, сүт, көкөніс, балық өнімдері мен жеміс-жидектерді сатып ала алады. Әр өнім нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан саудаланатын болады.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров