|
11.10.2018 | 21:35
2518

Зейнетақы қорынан 300 млрд теңге екінші деңгейлі банктерге беріледі

Зейнетақы қорынан 300 млрд теңге екінші деңгейлі банктерге беріледі

Алматы метросындағы пойыздарға 8 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжілісте алдағы екі жылға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы жоба таныстырылымында белгілі болды. Жиында Қаржы министрі Әлихан Смайылов қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 300 млрд теңгенің де мемлекеттік қажетті кәдеге алынатынын айтты.

Жақында ғана жарияланған Президент жолдауында айтылған және берілген тапсырмаларды орындауға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Мысалы, қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға 84 млрд теңге, жақында ғана Түркістан облысы мәртебесін алған аймақ пен миллион тұрғыны бар Шымкент қаласына жалпы сомасы 155 млрд теңге қарастырылған. Қаржы министрі теңге бағамының өзгерісі бюджетті біраз арттыруға ықпал болғанын айтады. Бірақ бұл ақша айырбастау нүктелерінде ұлттық валютаға шаққандағы бағамды өзгертпейді дейді. Тағы бір жаңалық – отандастарымыздың зейнетақы қорынан 300 млрд теңге екінші деңгейлі банктерге беріледі.    

«Қаржы министрі ретінде қолдағы бар ақпаратқа сенсек, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңгені елімізді алға сүйрейтін маңызды жобалар үшін береді. Мұны Елбасы алдында айтқан болатын. Толық соманың 300 млрд теңгесін Ұлттық банк өзі бөлсе, қалғанын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алады. Қаржы кейін қайтарылады. Оның бәрі ел экономикасын көтеруге бағытталады», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Республикалық бюджеттен Алматы да құр қалмайды. Тұрғындардың қалада емін-еркін қатынауы үшін қала метросына 8,1 миллиард теңге бөлінеді. Яғни, алдағы уақытта жерасты жолында бекеттер саны да артады деген сөз.  

«Алматы халқының қала ішінде діттеген жеріне жылдам жетуі үшін 8 электрпойыз сатып алынады. Қазіргі тоғыз бекетке тағы «Сарыарқа» және «Достық» станциялары қосылатынын білесіздер. Бұл бастамаға 8,1 миллиард теңге бағытталуы тиіс. Ал екі жаңа бекеттің құрылысына болашақта 67 миллиард теңге жұмсалады», – деді Қаржы министрі.

Парламенттің төменгі палатасында тұрғын үй кооператив заңына өзгерістер енгізетін жоба таныстырылды. Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй нысанында азаматтар шаршы метрінің көптігіне қарай үйдің ортақ керек-жарағына ақшаны көбірек төлейтін норма жайымен таныстырды. Шенеуніктің сөзіне сенсек, шаршы метрі көп үйдің иесі тек қаржыны ғана артық төлемейді, тұрғын үйге қатысты жиындарда олардың айтқан пікірі бірінші кезекте ескеріледі-міс. Бірақ бұл норма көптің көңіліне күдік тудырды.

«Бір тұрғын 10 пәтер сатып алса немесе 300 шаршы метрі бар адам ол нормаға сәйкес, өзге тұрғындарға қарағанда көп дауысқа ие болады деген сөз ғой. Қандай да бір даулы жағдай бола қалса, оны шешу рәсімінде дауыс беру барлығына бірдей болуы керек. Бір жылжымайтын мүлік – бір дауыс. Бұл норманы қайта қарау керек деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Меруерт ҚАЗЫБЕКОВА.

Жобадағы өзгерістер бойынша көппәтерлі үйдегі тұрғындар ғана емес, кейбір үйлердің жертөлесінде орналасқан сауда орындары да ортақ мүліктің шығынын бірге өтеулері керек. Алайда, кәсіпкерлер қарапайым тұрғынға қарағанда ақшаны екі есе артық төлейді деп жоспарланған.  Осы ретте айта кетсек, елімізде 78 мыңнан артық көппәтерлі үйлер бар. Оларға 15 мыңға жуық пәтер иелері копперативі қызмет көрсетіп келеді.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир