Банктер банкротқа ұшыраса да, кредит алған азаматтар берешегін соңғы тиынына дейін қайтаруы тиіс. Ал тақырға отырған қаржы институтына қаржы салған азаматтар пайыздық үстемеден қағылады. Ол – бір. Ал егер жиған-тергеніңіз ұлттық валютада 10 миллион теңгеден асса, онда ақшаңызды қайтару 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Жиған-тергеніңізді жөнді сақтай біліп, құнын жоғалтпау үшін не істеу керек? Лицензиясынан айрылған Astana Bank және Qazaq Bank банктерінің салымшылары қаражаттарын қашан қолға ала алады? Қарапайым халық қазір қаншалықты сабылып жүр?
Расында да, банктердің банкротқа ұшырауы қарапайым халықтың соры. Өйткені, қаржы институты тақырға отырса, салымшылардың сандалып қалатыны жасырын емес.
Бүгінде басынан бағы тайған Astana Bank-тің 267 мың салымшысы қаржатын қайтарып алуға асық. Әйтсе де, осы азаматтардың депозитке деп құйған 39 миллиард теңгесін банк лицензиясынан айырылған сәтте бірден қайтармайды. Депозиттерді кепілдендіру қоры банк-агент арқылы өтеп беретін соманы заңнама шеңберінде ғана жүзеге асырады. Банк-агент деп отырғанмыз, бұл кепілдендіру қорының салымшыларға қаражатын қайтаратын операцияларды жүзеге асыруға таңдалған екінші деңгейлі қаржы институты.
«Ұлттық банк 18 қыркүйекте Astana Bank-тің лицензиясынан айырған күнінің ертесіне-ақ, банктің уақытша әкімішілігі құрылып, жұмысқа кірісіп кетті. Ұлттық банк 2018 жылдың 15 қазанында сотқа шағым түсірген. Банк жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтату туралы іс қаралып жатыр. Соттың шешімі шыққаннан кейін, депозитті кепілдендіру қоры 14 күннің ішінде салымшылардың қаражатын өтеуге міндетті. Ал азаматтар жарияланған банк-агентке барып, қаражатын қайтарып алу туралы өтініш жазуы қажет. Содан кейін 5 күн ішінде, белгіленген екінші деңгейлі қаржы институты салымшының жинақталған сомасымен есеп айырысуға міндетті», – деді Astana Bank АҚ уақытша әкімшілігінің басқарушысы Джемма ЗИНУЛЛИНА.
Astana Bank салымшыларының 39 млрд теңгесінің 37 млрд 7 млн теңгесін өтеу – қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қорының мойнында. Ал қалған соманы арнайы комиссияның шешімінен кейін ғана азаматтар ала алады. Өйткені, қор тек ұлттық теңгеде жинақталған 10 миллион теңгеге дейін кепілдік береді. Ал өзге валютаға 5 миллион теңгеге дейін өтеп беруге қауқарлы.
«10 миилион теңгеден көп қаражат жинап, толық ақшасын қайтара алмай қалған азаматтар үнемі хабарландыруды қапы да қалдырмауы керек. Олар Ұлттық банкке, Қазақстандағы депозиттерді кепілдерндіру қорына немесе банктің өзіне барса болады. Ликвидациялық комиссияның «Заң» газетінде шыққан екі айдың ішінде аталған комиссия барлық шағымдарды қабылдауға міндетті екендігі туралы хабарландыруы керек. Одан кейін уақытша құрылған әкімшілік мәселені осы комиисияға тапсыруы үшін 1 ай уақыт береді. Бас-аяғы процесс тағы да алты айға созылуы мүмкін», – дейді Джемма ЗИНУЛЛИНА.
Ал Qazaq Bank-ке зор сенім артып, жиған-тергенін салған 18 мың салымшы осы жылдың соңына қарай қаражаттарын қайтарып алуы мүмкін. Депозиттегі 20 миллиард теңгеден бөлек, картадағы немесе ағымдағы банк шотында қалған қаражат толығымен қайтарылады деп отыр банктің уақытша әкімшілігінің басқарушысы.
«Ал Qazaq Bank-тің жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтату туралы соттың шешімі шыққанымен, әлі өз күшіне ене қойған жоқ. 29 қарашада өз күшіне енуі қажет. Банктің акционерлері мен кредиторлары тарапынан ешқандай шағым болмаса, 30 қарашада ликвидациялық комиссия өз жұмысына кіріседі. Салымшылар сот шешімі заңды күшіне енген соң 14 күннің ішінде қаражаттарын қайтарып алуға өтініш жазуларына болады», – деді Qazaq banki АҚ уақытша әкімшілігінің басқарушысы Анфиса ОТЦОВА.
Әйтсе де, салған қаражатыңыз кепіл соммасынан асып кетіп, бірақ банк банкроттық жағдайға тап болса, онда ақшаңызды қайтарып алу, сіздің қаржылық сауаттылығыңызға тікелей байланысты болмақ. Сондықтан келісімшартқа қол қоярда мұқият болуыңызға, өз капиталыңызды жоғалтып алмауыңызға зор мүмкіндік бермек. Мәселен, сыйақы мөлшерінен қағылып қалмас үшін келісімшартта «капиталдандыру» пунктін белгілеуді ұмытпаңыз. Ал жеме-жемге келгенде тақырға отырған банк те, кепілдендіру қоры да жылдық сыйақыны салымшыға еселеп қайтаруға міндетті емес.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сыйақыға кепілдік бермейді. Егер де банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, капиталдандырылған сыйақы негізгі сомаға қосылады. Сонда бұл кепілдік объектісіне айналады. Тек бір жағдайда ғана капиталдандыру көзделсе, сыйақыға кепілдік болады», – деді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры департаментінің жетекші маманы Самат ТӨРЕҚҰЛ.
Банк банкротқа ұшыраса, бөркін аспанға лақтырып, қыруар несие алған азаматтардың қуануы бекер. Өйткені, онсыз да жер сипап қалған қаржы институты кредит алған әр клиенттің соңғы тиынына дейін берешегін қайтаруын талап етеді. Ондай болмаған жағдайда, қол қойған келісімшарт бойынша, құзырлы орган арқылы өндіруге де дайын тұрады. Ал тақырға отырған банк депозит салымшыларын сандалтып қана қоймай, сыйақы мөлшерлемесінен қағылатынын қалыпты деп, ал кредитке келгенде бір күн төлем мезірімінен кешіктірілсе, пайыздық үстемені қоса мойнына ілуі-банк саясатының қарапайым халықты тағы да қақпанына түсірумен тең. Мұны экономист Мақсат Халық та әділеттілікке аса баламайды екен. Ал бүгінгі ақшаңыз ертең құнын жоғалтпасын десеңіз, кем дегенде ұлттық компанияларың акцияларын сатып алу-тұрақты дивиденд пен қор нарығында қалаған уақытыңызда сауданы қыздыруға шешім қабылдауыңызға болады.
«Банктің депозиттеріне ғана сеніп қалмаңыз. Ұлттық банк өзінің ноталарын сатады. Соған салсаңыз болады. Болмаса қазір 5,10,100 грамдық алтын сата бастады. Сіз алтынға да қаражатыңызды салып қойсаңыз болады. Алтын тұрақтылығын тарихта дәлелдеді», – деді экономикалық сарапшы Мақсат ХАЛЫҚ.
Егер депозитке салатын қаражатыңыз 10 миллион теңгеден асып жығылса, онда сомаңызды бірнеше банкке бөліп салсаңыз, сыйақыдан қағылсаңыз да, өз ақшаңызды жоғалтып алмайсыз. Сондай-ақ, алдын-ала қаржы институтының қаржылық қысылтаяң кезеңінде жүргенін, банкротқа ұшырауы мүмкін деген болжамды мынадай агенттік арқылы біліп барып, қаражат салсаңыз ұтылмайтыныңыз анық.
«Сізге көмекке келетін әлемдік рейтингтік агенттіктер бар. Банктің рейтінгісін анықтайтын Moody’s, Fitch Ratings, Standard & Poor’s дейтін әлемдік компаниялар бар. Соларда қазақстанның деңгейі «ВВB тұрақты» деп тұрады. Яғни, қалыпты орташа деңгейде. Егер одан төмен дәрежеде бағаланған банктер болса, ол банктерде ұстамаған дұрыс», – деді экономикалық сарапшы Мақсат ХАЛЫҚ.
Осы уақытқа дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 18 млрд 600 млн теңге салымшыларға үлестірген. Бұл қаражат тақырға отырған «Наурыз Банк», «Валют-Транзит Банк», «Казинвестбанк» және Delta Bank-ке сенім артып қаражат салған азаматтарға қайтарылған сома. Ал бүгінде екінші деңгейлі банкке ақша салып, пайда табуға тәуекелге барғандардың 8 млрд 600 млн теңгеден астам қаржысы айналымда екен.
Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы