Бүгін елімізді ғана емес бүкіл әлемді Димаш, Геннадий секілді аузына қаратып жүрген жерлесіміз Данэлия Төлешова «Джуниор Евровижн» халықаралық байқауында бағын сынайды. Дауыс беру бірнеше сағаттан соң мүмкін болмақ. Талантты әншіге қалай дауыс беруге болады? Қазақстанның мақтанышына айналған Данэлияның мүмкіндіктері қандай?
«Өзіңе сен» әнімен өзінің бағын сынайтын отандасымыз үшін, жанкүйерлер үшін бүгінгі түн ерекше болмақ. Данэлия секілді жас дарындармен кездесіп, барлығы талантқа байланысты ма деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Бұл жайында сәл кейінірек айтсақ.
Әлемге аты мәшһүр байқауға Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Биыл 20 мемлекет қатысуға ниет білдіріпті. Бұған дейін ғаламторда тура мағынасында жарып шыққан Данэлия Төлешованың бұл байқауда жеңіске жету мүмкіндігі көп. «Өзіңе сен» бейнебаянын осы аралықта миллионға жуық адам тамашалаған. Түрлі блогерлер өз пікірлерімен бөлісті.
«Тамаша жерде түсіріліпті. Қарап отырып, өзімнің де сол жерге барғым келіп кетті. Дауысы қандай десеңізші! Тіпті бойым шымырлап кетті. Қандай керемет!», «Қандай дауыс иесі! Бұрын-соңды мұндайды көрмеппін! Оның жеңіске жететіні сөзсіз! Қандай алтын, әдемі дауыс! Данэлия маған ерекше күш-қуат бергендей, енді мен оның жанкүйерімін, балалар «Евровидениесін» қарап жүретін боламын», деп жарыса пікір білдірісті жанкүйерлер.
Бейнбаянды тамашалағандар табиғаттың керемет екенін ерекше атап өтуде. Кейбірі керемет көріністің Қазақстан жері екенін білмесе керек. Әрине, Данэлияның дауыс ерекшелігіне таң қалмасқа болмайды. Көбісі «Өзіңе сен» әнін кинотуындының саунтрегі қылып алу керек екенін айтуда. Ал Минскте осы дүйсенбіде қазақстандық қатысушының қай нөмірмен өнер көрсетіні туралы белгілі болды.
«Мен 3-ші нөмірмен өнер көрсетемін. Қазір дайындықты тоқтатқан жоқпыз, бар ойымыз – 25 қарашада өтетін финал. Барлық жанкүйерлеріме сәлем жолдаймын. Сіздерге деген ізгі ниетпен, Данэлия Төлешова!», – деп сәлем жолдайды Данэлия ТӨЛЕШОВА.
Сонымен өз саласының майталманы болу үшін талант керек пе, әлде тынбай еңбек ету керек пе? Данэлия өзінің дауысымен жұртты таңғалдырып жүрсе, 15 жастағы Адина Манатбекова ресейлік шоуда елімізді тағы бір танытты.
« – Кітапты қандай жылдамдықпен оқисың?
– 2016 жылы оқығанымның 90 пайызын түсіне отырып, 94 мың сөзге рекорд жасағанмын.
– Қанша уақыт ішінде оқыдың?
– Бір минутта.
– Бір минутта 94 мың сөз?!.»
Осы бағдарламадан соң Адина өз рекордын жаңартты. Минутына 132 мың сөз оқи алатын болды. Қазір ол дайындықты тоқтатпаған. Мысалы, 3 кітапты бір мезетте оқи алады. Және ең бастысы, оқығандарын есіне сақтап қалады.
«Тез оқып үйренгенге дейін 3 кітапты жарты жылда оқитынмын. Ал қазір бір күнде бір кітап оқи аламын. Басқа балалар сияқты мен де мектепке барамын. Ағылшын тілін үйреніп, музыка сабағына барып жүрмін. Болашақта дәрігер болғым келеді. Сондықтан биология және химия пәндерінен қосымша сабаққа барып жүрмін», – деді Адина МАНАТБЕКОВА.
Тез оқуға барлығын үйретуге болады. Тек талпыныс болса болғаны дейді мұғалімдер. Бүгінде Қазақстанда осы әдіспен 15 мың адам оқып шығыпты. Бірақ барлығы Адинаның деңгейіне жетті деу қиынырақ.
«Адина өте қабілетті қыз. Ол да ерекше әдіс бойынша оқыды. Курстар 5 күндік. Әрбір адаммен жеке жұмыс жасап, ерекше қабілетін ашу маңызды. Меніңше бұл алдымен талантқа, сосын еңбекке байланысты», – деді тез оқу және сақтау қабілетін дамыту бойынша жаттықтырушы Инна КАУЛИНА.
«Өзіңе сен» әні байқау шарты бойынша қатысушының ана тілінде жазылған. Қалған 40 пайызы ағылшын тілінде. Бұған дейін Данэлия әннің өзі сияқты замандастарына күш беру үшін жазылғанын талай рет айтқан болатын.
Ал тағы бір кішкентай қыз замандастары секілді ғаламторда танымал болмаса да, болашағынан үлкен үміт күттіреді. Қазірдің өзінде мәнерлеп сырғанау бойынша қазақстандық чемпионаттардың жүлдегері. Жаттықтырушы әжесі немересінің қабілетінің ашылуын тынбай еңбектенудің арқасында болды дейді.
«3 жарым жасында атасына бір рет келіп жүрді. Одан соң қызығушылығы артып аптасына 3 реттен келе бастады. Барлығы солай басталды. Мен өзім де өмір бойы мәнерлеп сырғанаумен айналысып келемін. Немеремнің менің ізімді қуғаны, әрине, қуантады. Бірақ барлығы қажырлы еңбектің арқасында дер едім», – деді Наталья ЛОБОХ.
«Қазір Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Сабағыма еш әсері жоқ. Үлгерімім жақсы. Болашақта танымал мәнерлеп сырғанаушы болғым келеді. Бұл спортпен айналыспасам, көркем гимнастшы болар едім», – дейді Мария ГРИЧАНАЯ.
«Джуниор Евровижн» байқауына дауыс беру рәсіміне қайта оралайық. Ол бүгін түнде басталады. Балалар «Евровидениесінің» ресми парақшасында өзіңізге ұнаған үш немесе бес қатысушыны таңдауға болады. Дауыс беру 25 қарашаға дейін ашық. Финалдың алдында дауыс беру жабылады. Ал өз фавориттеріңізді таңдап үлгермей қалсаңыздар, екінші кезең басталған 15 минуттың ішінде дауыс берсеңіз болады.
«Сілтеме бойынша қатысушылардың арасынан мені тауып алып, «Өзіңе сен» әніме дауыс беріңіздер. Мені таңдағандарға алғысым шексіз болады. Рахмет!», – дейді Данэлия ТӨЛЕШОВА.
Онлайн таңдаудан бөлек, өз дауыстарын қатысушы елдер де береді. Тікелей эфирде өз таңдауларын жариялайды. Осылайша, барлық дауысты қосып, жеңімпаз таңдалады. Ал біз отандасымызға сәттілік тілейміз!
Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы