|
16.11.2018 | 21:51
23169

Қазақстанда халықтың 90 пайызы ұшаққа отырмаған – енді билет бағасы қолжетімді болмақ

Қазақстанда халықтың 90 пайызы ұшаққа отырмаған – енді билет бағасы қолжетімді болмақ

Елімізде әуе кеңістігімен сапарлайтын азаматтардың саны жыл санап артып келеді. Биылғы жылдың он айында әуе көлігімен 6 миллионнан астам жолаушы қатынаған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Алайда, ел азаматтарының 90 пайызы әлі ұшаққа мінбеген. Себебі, көпшілік үшін ұшақ билеттерінің құны қолжетімсіз. Енді әуе билеттерін арзандату үшін жаңа бюджеттік әуе компаниясы құрылмақ. Ал қазір көкпен қатынау үшін тұрғындар қалтасы көтеретіндей бағада билетті ала ала ма?

Әуе компанияларының да, саяхатшылардың да ең алдымен айтатыны –билеттерді ертерек сатып алу. Екі ай, тіпті одан да бұрын алса оның бағасы едәуір арзан болады. Одан бөлек, аптаның белгілі бір күндері немесе тәуліктің белгілі бір уақытында оны төмендеу құнда алуға мүмкіндік бар. Бірақ сапарыңызды арқашан бір ай бұрын болжау мүмкін емес. Жиһанкез блогер Яков Федоров осы орайда өз кеңестерімен бөлісті.  

«Ең алдымен әуе билетін ерте сатып алу керек. Халықаралық рейстерде сапарлаудан 1 ай бұрын алған дұрыс. Ал ішкі рейстерде бір, екі ай алдын ала сатып алу керек. Әлеуметтік желілерде, әуе компанияларының сайтында мен акциялық тарифті әрдайым бақылап отырамын. Мұндай жеңілдіктер жасалғанда әуе билетін төмен бағада, тіпті өз құнымен сатып алуға болады», – дейді жиһанкез блогер Яков ФЁДОРОВ.

Сарапшылардың сөзінше, әуе билетін жеңілдікпен сатып алуға аптаның ең қолайлы күні – сейсенбі, күндізгі сағат 3-те екен. Ал сәрсенбіде түнгі сағат 1-де де акцияға дөп түсе аласыз. Яғни, сейсенбі күні түнгі сағат 12-ден кейін бронь жасалып, сатып алынбаған билет қайта тасымалдаушылардың компьютер жүйесіне бұрынғыдан төмен бағада енгізіледі. Сонымен қатар, ұшқанда бір әуе компаниясын, ал қайтар жолда өзгесін таңдау немесе рейсті ауысып отыру арқылы қарастыруға болады.

«Жұма, сенбі және жексенбі күндер ең жолаушылар көп билет алатын күндер. Ал сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі оған қарағанда ұшамын деушілер бәсеңдеу болатын күн. Қазіргі кезде банк карталарымен сатып алу кең таралған. Себебі, ол арқылы сатып алсаң қосымша бонустар түседі», – деді әуе билеттерін брондау компаниясының бас директоры Асхат ОМАРОВ.  

Елімізде 53 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде, 20 әуе компания коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырса, 32-сі авиациялық жұмыстарды атқарады. Көпшілігі керосинді сырттан алдырады екен. Жанармайға кететін шығын, лизинг, қызмет көрсетуі бар әуе компаниясы билет бағасын осының барлығын ескере отырып белгілейді. Осы айдың басында Елбасы әуе тасымалының халыққа қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеріп, бюджеттік компания құруды тапсырды. Ол келесі жылдың көктемінде жолаушыларды тасымалдауды бастамақ. FlyArystan елдің бірнеше қаласына ұшады. Бастапқыда тек 4 ұшақпен қызмет көрсетеді. Ал ұшу кестесі мен бағыттар жиілігі келер жылдың наурыз айының басында белгілі болады.

«Билет құны басқалармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен болады. Мысалға айтсақ, Air Astana деректері бойынша «Астана – Алматы» бағытындағы орташа баға қазіргі кезде 32-34 мың теңге тұрады екен. Ал жаңа бюджеттік авиакомпанияда билет құны шамамен, 16-18 мың теңге ғана болуға тиіс», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

«FlyArystan әуепаркі эконом-кластағы 180 орынмен жабдықталған Airbus А320 ұшақтарынан тұратын болады. Бюджеттік әуекомпания лоукосттің классикалық үлгісі бойынша қызмет көрсетеді. Тариф бағасы салыстырмалы түрде төмен болады. Алдағы уақытта бағыттық желі алыс-жақын шетел бағыттарымен толығады», – деді Air Аstana АҚ президенті Питер ФОСТЕР.

Жаңа әуепаркі Air Astana-ның бөлімшесі. Лоукестерді құруға бюджеттен еш қаражат бөлінбейді дейді ұлттық тасымалдаушы компания жетекшісі. Яғни, акционерлердің инвестицияларын, мемлекеттік субсидияларды және сырттан қаражат тартпайды. Билет құны тек орын үшін алынады. Жүк пен тамақтың ақысын бөлек төлеуге мүмкіндік бар. Осының есебінен ішкі рейстердің бағасы екі есе арзандайды.  

«FlyArystan – жұртшылыққа қызмет көрсететін әуе компаниясы. Осы жоба арқылы біз Қазақстанда, оның ішінде аймақтарда әуе тасымалдаудың әлеуетін көтеріп, беделін арттырсақ дейміз», – дейді Flyarystan бюджеттік әуе компанияның басшысы Тим ДЖОРДАН.

Бюджеттік компания өкілдерінің айтуынша, елімізде халықтың 90 пайызы әлі ұшаққа отырмаған. Отандық лоукостердің қызметі азаматтардың осы бөлігіне қолжетімді етпек. Бюджеттік компанияға сұраныс қандай болмақ? Оны сарапшы мен тұрғындардан сұрап білген едік.

«Ұшақтар күнделікті ұшуы керек, тәулігіне 16 сағат көкке көтерілуі тиіс. Жолаушылар легі көп болуы қажет. Елімізде оның мүмкіндігі аз деп ойлаймын. Ал Еуропаны алатын болсақ, 20 еуроға да, 30 еуроға ұша аласыз. Ол жақта әуе кемесі 16 сағат ұшады. Ал бізде жолаушылар легі айтарлықтай жоғары емес, сұраныс та бәсеңдеу», – деді әуе билеттерін брондау компаниясының бас директоры Асхат ОМАРОВ.

Жолаушылар: «Сұраныс көп болады ғой енді. Кез келген жаққа барып қалуымыз мүмкін. Қазақ болған соң, ағайын-тумаң көп, той-садақа бітпейді. Бұрын сондай көп жерден қалып қоятын едік. Пойызбен барсаң, ары қарай 3 күн, бері қарай 3 күн жүріп, жолыңның өзіне 6 күн жоғалтасың. Ал ұшақ арзан болса, жақсы ғой» десе, тағы бірі: «Жалпы, егер лоукостердің бағасы 20 мыңнан басталса, ол тұрғындарға ыңғайлы болушы еді. Себебі, әр түрлі пункттерде баратын адамдарға өте пайдалы. Төмен бағада болса, Орал, Ақтөбе, Астана сияқты алыс қалаларға пойыздан гөрі ұшақпен барған жақсы ғой» деп, өз пікірлерін білдірісті.

Дегенмен, соңғы уақытта ұшақпен қатынайтын халықтың саны арта бастаған. Соңғы 10 айдағы көрсеткіш бойынша әуе кемелері 6 миллион жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 10 пайызға жоғары. Былтыр Қазақстан аспанымен 7 миллион 400 мың тұрғын қатынаған. Ал ішкі рейс бойынша ең сұранысқа ие бағыт – Алматы – Астана екен.


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир