Келер жылдан бастап қазақстандықтар электр құнын 25 пайызға төмендетілген тарифпен төлейтін болады. Үкімет отырысында Энергетика министрлігі электр жабдықтау тарифтерін төмендету бағытында атқарылған істер легімен таныстырды. Бұдан бөлек, жылу, су, кәріз, мобильдік байланыс пен интернет тарифтері де арзандамақ. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді қатаң тапсырды.
Премьер-министр бүгін қарамағаныдағыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Соның бірі – азық-түлік бағасына байланысты. Анықталғандай, жыл басынан бері қант, қырыққабат, күріш пен тауық етінің құны қымбаттаған. Осы ретте Үкімет басшысы әкімдерге нарықты азық-түлік өнімдерімен молайту, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе желтоқсандағы мереке күндері мен Жаңа жылдың алдындағы кезеңде ерекше бақылауда ұстауды жүктеді.
«Жиналған өнім мен екініш деңгейлі банктер депозиттердегі қаржыға қарамастан, тұрақтандыру қорларының тиісінше толықтырылмай жатқанын атап өткім келеді. Бағалар өсіп жатыр. Кейбір өңірлердің қыркүйектегі депозиттерінің ешқандай өзгеріссіз жатқанын көріп отырмыз. Яғни, тұрақтандыру қорларының жұмысын толыққанды атқармай жатыр. Сол себепті, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне баға серпінін және тұрақтандыру қорларын қалыптастыруды мониторингілеп отыруды тапсырамын», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Айтпақшы, қазақстандықтар жарық үшін 25 пайызға төмендетілген жаңа тариф бойынша төлейтін болады. Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлық газдың көтерме бағасы арзандайтынын да мәлімдеді.
«Энергия өндірушілердің тарифтерін төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, тауарлық газдың көтерме шекті бағасын төмендету бойынша бұйрық жобасы әзірленді. Біздің есебімізше, көтерме баға төмендесе, 2019 жылдың қаңтарынан бастап өңірлерге байланысты газ пайдаланатын электр стансалары үшін тауарлық газдың түпкілікті бағасы 12 пайыздан 22 пайызға газ пайдаланатын электр стансалары үшін тауарлық газдың түпкілікті бағасы арзандайтын болады», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Ұлттық экономика министрі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында жылумен, су және электр энергиясымен жабдықтау тарифтерін төмендету бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Белгілі болғаны, бүгінде 32 моноиполистпен тарифтерді 20 миллиард теңге сомасына төмендету туралы шешім қабылданған. Бағаны негізсіз шарықтатқан монополистердің заңсыз кірісін анықтап, тұтынушыларға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеріс басталған. Ал бағаларды төмендету бойынша Жамбыл облысының әкімдігінен ғана ұсыныс түсіпті.
«Әкімдіктің берген ақпаратына сай осы жылдың 1 желтоқсанына дейін мына бағаларды төмендету жоспарланып отыр. Пәтер иелері кооперативі қызметтері тарифтері 6,7 пайызға, қоқыс шығару қызметтері 5 пайызға, лифт қызметтері 7 пайызға арзандайды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көмір құнын арзандатудың амалдарын көрсетті. Ол бұқараны қара отынмен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрап отыр деді.
«Көмір разрезіндегі баға өзгермейді, ол – 5500 теңге. Трейдер бағаны 60-70 пайызға төмендетеді, үстеме 2 985 теңгеден 885 теңгеге дейін төмендейді деп жоспарлап отырмыз. Орташа алғанда 2 100 теңгеге дейін айырмашылық болады. Шұбаркөл разрезінен Астанаға дейін теміржолмен тасымалдау шығыны 1 715 теңгені құрайды. Стансалар арасындағы қашықтық 616 шақырым», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Бақытжан Сағынтаев Үкімет пен министрлік негізгі көмір өндірушілермен келісімшарттар жасасқанын айтты. Енді жергілікті билік негізгі тұтынушыға жеткенге дейін отын бағасын бақылауға алуларын тапсырды.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана