Алматыда инклюзивті білім беретін алғашқы мектеп ашылды

03.09.2018 22:47

Алматыда бірінші рет инклюзивті білім алуға толық жағдай жасалған мектеп ашылды. Алғашқы қоңырауы соғылған жаңа мектеп Наурызбай ауданында орналасқан. 1 мың 200 оқушыға шақталған білім ошағын қала әкімі Бауыржан Байбек ашып берді.

Наурызбай ауданындағы Ақжар ауылының оқушылары енді жаңа мектепте білім алады. 1 мың 200 орындық білім ошағын Білім күнінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек ашып беріп, балаларға сәттілік тіледі.

«Менің білуімше, осы жаңа мектепке 1000 бала қабылданса, оның 200-і бірінші сыныпқа келді. Сондықтан бұл аудан тұрғындарының өмірі, өмір сапасы біртіндеп көтеріліп жатыр. Бүгінгі мереке құтты болсын! Біздің балаларымыз білімді, патриоттық сезімі жоғары, тәрбиелі, жалпы, елін, Отанын, халқын сүйетін азаматтар болып өссін! Елбасы айтқандай, біз тек білімнің арқасында ғана ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіре аламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.        

Жаңа оқу орнында робототехника кабинеттері, физика мен химияның арнайы сыныптары, ата-аналардың демалыс бөлмелері, ойын алаңдары бар. Мұнда сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше мән берілгендіктен барлық жабдықтар мен мектеп жиһаздары қабырғаларға мықтап бекітілген.

Мектеп ғимараты тактильді жолмен, нашар көретін балалар үшін Брайльдің рельефті-нүктелі шрифтері арқылы дәріс беретін сыныптармен, арнайы санитарлық бөлмелермен және шақыру нүктелерімен толық қамтамасыз етілген. Айта кетейік, бұл мекеме қаладағы инклюзивті білім алуға барлық жағдай жасалған алғашқы мектеп.

«Бұл мектептің басқа мектептерден басты айырмашылығы – бұл жерде ерекше қажеттілікке ие балаларға барлық жағдай жасалған. Яғни, инклюзивті білім алуға барлық жағдай жасалған. Арбада отырған балаларға, көздері нашар көретін балаларға арналған барлық санитарлық жағдайлар жасалып, қажетті кабинеттермен, оқу құралдары толық жабдықталған», – деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.    

Бірінші сыныптың табалдырығын аттаған Зәру есімді мына балақай қатарластарынан қалмай сабақ оқитынына дән риза. Қытай елінен тарихи отанына оралған Қуанбектер отбасы бұрын мұндай мүмкіндіктің болмағанын айтады.

«Ыңғайлы екен, лифтісі бар. Жақсы. Осы жақсы кісілердің көмегіне рахмет! Басқа жерден, шетелден келді деп бөлмей, баламның қатарынан қалмай оқуына мүмкіндік беріп отырған Елбасымызға рахмет! Қызым біраз оқып, білім алып, ел қатарына қосылса екен деймін. Аяғын тік басып алса екен деп армандаймын», – дейді Гүлбібі МОЛДАСАН.  

Биыл 240 мыңнан астам алматылық оқушы үшін алғашқы қоңырау соғылды, олардың 25 мыңы – 1 сыныпқа барды. Дәл осы күні Алматыда 2300 орындық тағы жаңа 4 мектеп есіктерін айқара ашты.

Еске салсақ, Алматыда жаңа оқу жылында білім ошақтарын салу мен күрделі жөндеуден өткізуге 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.


Азамат Әуезхан, Рашиддин Якубов, «Алматы» телеарнасы