Канада елінде Қазақстан азаматының өлі денесі табылды

Канада елінде Қазақстан азаматының өлі денесі табылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Канада елінде Қазақстан азаматының өлі денесі табылды. Отандасымыз Метхат Әбенов Ванкувер маңындағы таудан құлап көз жұмған. 27 жастағы жігіттің мүрдесі Уистлер атты курортты қалашық аймағынан табылған. Ол досымен бірге жорыққа Айсбрег көлінің жанындағы жалғыз аяқты жолмен аттанған екен. Тек жолдасы жарты жолда шаршағандықтан қалып қойыпты. Ал Метхат таудың құзар шыңына шықпақ болып, ары қарай кеткен. Ол негізі 1 сағаттан кейін досына қайтуды жоспарлаған. Бірақ белгіленген уақытта қайтпаған көрінеді. Қазақстандық азаматтың жоғалғаны туралы ақпарат полицияға 16 қыркүйек күні кешкі сағат 19:00 шамасында жеткен. Құтқарушылар таудың құзар шыңынан жас жігіттің денесін тек келесі күні түстен кейін алып шықты. Өйткені, ұзақ уақыт бойы тікұшақ ауа райының қолайсыздығынан оқиға орнына қона алмапты. Бізге Метхаттың Канадада тұратын достары сол күнгі ауа райы мен демалыс орны туралы айтып берді.


«Ол күні аспан ашық болғанмен, ауа райы құбылмалы болды. Қайғылы жағдай Райнбоу, яғни қазақ тілінде «кемпірқосақ» деп аударылатын жерде орын алған. Негізінде, жаз мезгілінде бұл жұрттың ең көп баратын жері саналады. Көп арасында танымал орын десемде болады. Бірақ мұндай жерде жүру үшін дайындық болу керек. Бірнеше рет сол жерде менде болғанмын. Алайда бір де бір рет тауға көтерілген жоқпын», - деді  студент Әділхан ШАШДӘУЛЕТОВ.


¤¤Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Метхат Әбенов Канадада жекеменшік фирмада жұмыс істеген екен. Қазір Қазақстанның Канададағы елшілігі қайтыс болған жігіттің ата-анасымен байланыста. Енді оның денесін елге қайтару үшін қажетті құжаттар жасалып жатыр.


Новости партнеров