Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырап отыр

Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өмірге құштар ерекше жан. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, өз отбасын асырап отыр. Азат Бердіқұлов қазір тұрғындар тапсырысын үйінде қабылдайды. Жуырда өз шеберханасын ашпақ.

Сал ауруына шалдыққан Азат Бердіқұловтың тіршілікке деген құлшынысы еріксіз таңғалдырады. Ол бұл диагнозға қарамастан, жасымай жастайынан еңбекке араласа бастаған. Бірнеше жылдан бері IT саласын меңгеруде. Қазір ол компьютерді үйінде жөндеп, өз білімін жетілдіру үшін арнайы курсқа қатысып, бизнес жүргізуді үйренуде.

«Азат өзі жайлы мынадай хатпен бәрімізді елең еткізді. Ол Ахметбек ағаға уатсаптан мен күнде жексенбі сайын тауға шыққанда, мен әр жексенбі велосипедімен 8-9 шақырым жүріп келемін деп, түскен фотосын жіберіпті. Соны көріп ұстазымыз осы баланың ДЦП-мен, мүгедек топтағы бала екенін көріп, біздерге екінші сабақта айтты», - деді  Азат Бердіқұловтың досы Аят САЙЛАНБЕКҰЛЫ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ата-анасы Азатқа компьютер сатып алып берген. Ол бұзылғанда үйіне шеберді шақыртқан. Маманның жұмысын қарап отырып, мұндай іс менің де қолымнан келеді деген ой келген.

«Мен компьютер жөндеу мамандығын таңдамас бұрын, қолымнан не келеді деп ойладым. Менің қолымнан жүк көтеру келмейді. Физикалық қуатым жетпейді. Маған баспен істейтін жұмыс керек», - деді  Азат БЕРДІҚҰЛОВ.

«Қолғабысын тигізіп жатады елдерге. Телефонмен де жауап беріп жатады. Интернет арқылы төлемақы жасау керек болады. Оны да әйтеуір қолынан келгенше көмектеседі. Өздеріңіз көріп отырсыздар, оның қозғалуы да оңай емес. Терлеп, кәдімгідей жан тері шығып кетеді. Сонда да өмірге деген талпынысы өте керемет», - деді Азат Бердіқұловтың анасы Мақсатгүл САТЫБАЛДИЕВА.

Азат өзін мүгедек деп есептемейді. Алдағы уақытта Таразда өз кәсібін жетілдіріп, арнайы қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров