Қажылыққа баратын қазақстандықтар менингитке қарсы екпе салуы тиіс

Қажылыққа баратын қазақстандықтар менингитке қарсы екпе салуы тиіс
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Қазақстаннан 3000 адам қажылыққа аттанады. Қазір азаматтар қасиетті сапарға дайындалуға кіріскен. Алғашқы легі 9 тамыздан бастап жолға шыға бастайды.

Бастысы, Меккедегі қасиетті Қағбаға зиярат етуге баратындар сансыз сырқат пен дерттің алдын алу үшін екпе салдыртулары қажет. Жерлестерімізге менингококкқа қарсы ақылы вакцина алу оңай болу үшін елдің әр облысындағы арнайы медициналық орталықтар тізімі жария етілді.  

Мамандар Сауд Арабияда полиомиелит, қызба, тырысқақ, холера сынды аса қауіпті жұқпалы ауру түрлері өршіп тұр деп дабыл қағуда. Сондықтан, қажылыққа баратын отандастарымыз міндетті түрде менингитке екпе салдырулары керек. Сондай-ақ, маусымдық тұмауға қарсы вакцина салуға да болады. Бірақ биыл бұл кезең күзде басталатындықтан, оны салу міндеттелмейді.

«Сауд Арабиясына виза алу тәртібінде менингитке қарсы екпе салдыру туралы талап бар. Вакцина алғаны туралы анықтама болмаса, елге кіргізбейді дейді имамдар. Бұл алдымен әр адамның қауіпсіздігі үшін жасалады. Ыңғайлы болу үшін еліміздің 5 облысы мен 3 қаласында медициналық мекемелер ақылы менингитке қарсы екпе салады. Оның құны 22 мың мен 30 мың теңге аралығында», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Айнагүл ҚУАТБАЕВА.

«Міндетті түрде алу керек. Олар вакцина алмайтын болса, оларды елшілік қабылдамайды. Қажылыққа ол азаматтар бара алмайды. Міндетті түрде вакцинация алу керек. Біз оны қадағалаймыз. Біздің қажылық миссияның құрамында 3 дәрігер бар. Барып солардың денсаулығына олардың қауіпсіздігі үшін біз жауап береміз, әрине», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық бөлімінің меңгерушісі Айдар САЛҚЫНБАЕВ.

Қажылыққа аттанушылар қасиетті сапарға жол жүрмес бұрын, алдын ала толық медициналық тексерістен өтуі керек дейді дәрігерлер. Яғни, сапарға шығушылардың денсаулық жағдайы жақсы болғанда ғана жол жүруге рұқсат етілетіндігін айтады. Ал имамдар Меккеге баратын жамағаттың діни сауатын ашып, қажылық амалдарды қалай өткеру керек екенін үйретіп жатыр. Сондай-ақ, олар азаматтардың аман-есен барып қайтуын толықтай қадағаламақ. Бес парыздың бірін орындауға шыққандар 25 тамызда елге оралады.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров