Алматыға сапасыз тауарлар кіргізілмейді

27.10.2017 в 20:44

Сапасыз тауарлар қалаға кіргізілмейді. Жыл басынан бері алматыға 14 мың тонна жарамсыз өнім сырттан тасымалданбақ болған. Алайда, мұндай азық-түлік шекарадан кері қайтарылып үлгерген.

10 айдың ішінде 14 мың тонна жарамсыз өнім Алматыға жетпей шекарадан қайтқан. Олардың барлығы өзге аймақтардан тіпті, көршілес елден тасымалданған тауарлар. Дәл бүгін де, сапасы сын көтермейтін 400 келі ет кеденнен өткізілмеді. Былтыр бас-аяғы Оңтүстік Астанаға 1 миллиард доллардың импорты тасымалданған.  

«Көкөністерді және басқа өнімдерді басқа еліміздің аумақтарынан әкелуге мәжбүр болып тұрмыз. Дегенмен, бізде Алматыда ауылшаруашылық өнімідерін қайта өңдейтін орындар бар. Олар 218 тіркелген және заңды жұмыс істейтін орын бар. Олар сүт, май, томат өнімдері бойынша орын алып отыр»,- деді Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы, Айдын КЕРІМБЕК.

Иә осы кәсіпорындар сырттан тонналап тасымалданатын тауар көлемін едәуір қысқартуға септеседі. Мәселен, 17 гектар аумақты қамтитын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріліп, биылдан бастап импорт көлемін 15 пайызға азайтуда. Кәсіпкерлер бұл қарқынды одан әрі үдетпек ниетте. Келер жылы қосымша тағы да 8 гектар аумаққа егін егілмек. Нәтижесінде 2020 жылға дейін томат пен қияр Алматы нарығын едәуір қамтымақ. Импортқа тәуелді болмас үшін инвесторлар тартылып, кәсіпкерлер үшін жағдай жасалуда.  Айта кетерлігі, Алматыда 86 түрлі тамақ өнімдерін қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Осы салада бизнесті бастағандар үшін жарнамадан бастап салықтық түсімдерге дейін жеңілдіктер қарастырылған. 

«Қазіргі уақытта жаңадан кәсіпорын салатын кәсіпкерлерге ең қолайлы жер индустриалды аймақ болып есептелінеді. Егер де өндіріс ошағының шығарған өнімі отандық нарықтан бөлек, экспортқа да шығарылса, қажетті бөлімшесін ашса, не болмаса қойма қажет болса шығынның 50 пайызын өтейміз. Тіпті, жарнамаға кеткен қаражаттың тең жартысы төленеді. Оған қоса коорпоративті табыс салығынан босатылады»,- деді «ҚАЗАҚ-ИНВЕСТ» АҚ Алматы қаласы бойынша аймақтық төрағасы, Әрсен НАСЫРХАНОВ.

Қалталыларды тарту үшін алып шаһарда алыс жақын елдерден келетін іскерлердің басы қараша айының бірі мен үші аралығанда қосылмақ. Дәл осы жиында 13 мемлекеттің кәсіпкерлері арасында мардымды келіссөздер жүргізілмек. Былтырдың өзінде мұндай жиыннан кейін бұған дейін біз білмеген 207 жаңа өнім дүкен сөрелерінен табылған. Біздің тараптың қарқыны мен қауқары биыл белгілі болмақ.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбев, «Алматы» телеарнасы