Алматыда осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 50 іс-шара өткізіліпті. Оларға ұзын-ырғасы 900 мың адам қатысқан екен. «Жаңа стратегияны жүзеге асыру барысында мәдениет, білім саласына, жастардың патриоттық тәлім-тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінді», - дейді жиынға қатысушылар. Мысалға, биыл жазда қаланың белсенді жастарына арналған «Туған жер» лагері құрылған болса, бұрынғы депоның орнына Лофт-орталық ашылды. Ал атлеттер қалашығында «Алматы жастары» кеңсесі орын тепті. «Туған жер» жобасына ерекше көңіл бөлінуде. Оған қала кәсіпкерлері де атсалысып, жаңа бөбекжайлар мен мектептердің, спорт алаңдарының ашылуына септігін тигізуде.