Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан азаматтығын алуға және Қазақстан азаматтығынан шығуға берілген арыздарды қараймыз. Қуантарлығы, Қазақстан азаматы болғысы келетін адамдардың қатары жылдан жылға артып келе жатыр. Аталған жайт Қазақстанның азаматтық институтының халықаралық беделі жоғарылығын, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесінің тұрақтылығын, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің дамығандығын айғақтайды», - деді Мемлекеттік хатшы.
Осы ретте Гүлшара Әбдіқалықова бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясының жүйелі жүзеге асырылуының арқасында мүмкін болып отырғанын баса айтты.
«Біз жаңа қазақстандықтарға ілтипатымызды білдіріп, бақытты өмір тілейміз және олардың енді өз Отаны болып саналатын еліміздің игілігі жолында тиімді еңбек етулеріне ниеттестік білдіреміз. Еліміздің лайықты азаматтарына айнала отырып, олар тәуелсіз Қазақстанның бұдан ары дамуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз», - деді ол.
Отырыста Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығару мәселелері қарастырылды. Нәтижесінде Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін таяу және алыс шетелдерден келген әртүрлі этностардың 587 өкілі еліміздің азаматтығын алатын болады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиімді шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.