|
13.03.2018 | 20:50
1525

7 пайыздық ипотека төлемге қауқары бар азаматтарға беріледі

7 пайыздық ипотека төлемге қауқары бар азаматтарға беріледі

7 пайыздық ипотеканы тек төлемге қабілеті бар азаматтар ғана рәсімдей алады. Баспанаға қол жеткізу жарты жылдың ішінде мүмкін болмақ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын тілге тиек еткен өзге де шенділер алдағы жоспарларымен бөлісті. Ал Бақытжан Сағынтаев өткен жылы бөлінген қыруар қаражаттың есебін сұрады.

Елбасы тапсырмасынан кейін құрдай жорғалаған ақ жағалылар бүгін Үкіметте 5 әлеуметтік бастаманы іске асыру үшін «Жол картасы» бағдарламасын ұсынды. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 7 пайыздық ипотека төлемге қауқары бар азаматтарға берілетін атап өтті. Ақпарға сүйенсек, ипотекалық несиелерді секьюриттеу қолға алынады. Яғни, аталмыш ведомство ең алдымен еншілес компанияны құруды көздеп отыр. Ол өз кезегінде екінші деңгейлі банктер арқылы іске асатын жоба қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Данияр Ақышев жаңа компанияны қаржы агенттігі ретінде қабылдауға ұсыныс жасамақ. Егер Үкімет қолдаса, онда ол мекеме құнды қағаздар шығаруға мүмкіндік алады.  Сонымен қатар, Ұлттық банк бүгіннің өзінде жеңілдетілген несиенің шекті бағанын шығарған. Яғни, қарызға берілетін сома көлемі 20 млн теңге аралығында болуы тиіс. Демек, ол Астана мен Алматыны қамтиды. Ал өзге де қалаларда орта есеппен 13 млн теңгені құрауы ықтимал. Бұл пікірді Ұлттық экономика министрі де растады.

«Негізгі іс-шаралар «7-20-25» бағдарламасын бекітуге және оны іске асыру үшін нормативтік кұкық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты болып отыр. Шілде айына дейін ипотекалық кредиттерді сатып алатын арнайы еншілес ұйым құрылатын болады. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша инфроқұрылымды жылына 20 млрд теңгеге дейін қаржыландыруға, оны ұлғайтуға және «7-20-25» бағдарламасы нормаларын ескере отырып, оған түзетулерді енгізу жоспарланып отыр», - деді  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 4-ші әлеуметтік бастаманы іске асыруға, яғни шағын несиелеу жобасына 62 млрд теңге бөлінгенін айтты. Қолға алынған жобаға қатысу үшін жұмыссыз жүрген азаматтар мен өзін-өзі қамтитын әр адам алдын ала дайындау курстарынан өту керек. Бағдарлама кең қанат жаю үшін елді-мекендер, қала мен өңірлерге несие беру шектеуін өзгерту қадамдары қарастырылуда.

«Қосымша бөлінген 20 млрд теңгенің 14 млрд теңгесін ауылдарға несие беруге, оның ішінде 10 млрд теңгені ауыл шаруашылығын өндіруші кәсіпорындарының айналасында якорлық кооперация жобасын дамытуға жұмсауды ұсынамыз. Қалған 6 млрд теңгені қалаларға және моноқалаларға бағыттау жоспарланып отыр», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Министрлер кабинеті өткен жылмен биылғы экономикалық көрсеткіштерге көз жүгіртті. Өткен жылға сараптама жүргізген Тимур Сүлейменов инфляция деңгейінің соңғы жылдарға қарағанда едәуір төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, ішкі жалпы өнім 4 пайызды құраған. Сондай-ақ соңғы екі айдың ішінде еліміздің халықаралық қоры 2 пайызға өсіп, 90,8 млрд АҚШ долларға жетіпті. Алтын-валюта қоры 31 млрд доллардан асады. Ұлттық қор активі 59,4 млрд АҚШ доллары. Өнеркәсіп 5,6 пайызға, тау-кен өнеркәсібі 5,5, газ өндіру саласы - 7,3, мұнай өндіру -7,2 пайызды құраған. Керісінше тұрғын үйлерді қолданысқа беру 17,6 пайызға төмендеген.

«Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша экономиканы кредиттеу 0,2 процентке немесе 12,5 триллион теңгеге дейін өсті. Заңды тұлғаларға ұзақ мерзімді кезеңге теңгемен берілетін кредиттер 4,4 процентке өсті. Шетел валютасындағы кредиттер 13,9 процентке қысқарды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Ұлттық экономика министрі жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 0,7 пайызға көтерілген, деді. Тимур Сүлейменов бағаның көтерілуіне мезгіл, ескерілмеген шығындар мен тасымалдау кезеңіндегі қиындықтар себеп - дейді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бағаны дер кезінде ауыздықтауды тапсырды.


Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир