Алматы әуежайы Универсиадаға қатысушыларды қабылдауға дайын

Алматы әуежайы Универсиадаға қатысушыларды қабылдауға дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Универсиада ойындарына шетелдік спортшылар 24 қаңтарда келеді. Алматыға ең бірінші Қытай делегациясы аяқ баспақ. Алып шаһар әуежайы тәулігіне 400 атлеттен қабылдайды. Ал, басқа күндері олардың қатары 800-ден асатын болады. Жарысқа келгендерді қарсы алуға алып шаһар 100 пайыз сақадай сай. Олар үшін арнайы «жасыл дәліздер» де дайын.

Алматы әуежайына Универсиада ойындарының қонақтары мен қатысушылары келеді. Сондықтан қаланың әуе кеме қақпасы басты бақылауда. Соңғы дайындықтар пысықталды. Кеден қызметкерлері спортшылар мен олардың құрал-жабдықтарын «жасыл дәліз» арқылы рәсімдейтін болады. Арнайы спорт додасы кезінде осы сала қызметкерлері арттырылмақ.

«5 кабина тек Универсиада қатысушыларына қызмет көрсетеді. Егер қажет болса шекара қызметі тағы қосымша 10 орын қосады. Рәсімдеу уақыты белгіленген уақытқа сай 1 минуттан аспауы тиіс», - деді  Алматы қаласы «2017 жылғы ХХVIII қысқы Универсиадаға дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ директоры Наиль НҰРОВ.

Атлетика қалашығына дейін жүру уақыты 56 минут. Оны ұйымдастырушылар өздері арнайы тексерген. Қосымша 150 жүк арбасы сатып алынған. Сондай-ақ замануи сервис қосылып, қонақтарға арналған навигация барынша ақпараттандырылды. Алғашқы спортшылар делегациясы 24 қаңтарда көрші Қытайдан келеді. Олардың жалпы саны 60 адам. Одан кейін, Канададан хоккейшілер аяқ басады. Бұл күні Атлетика қалашығы салтанатты түрде қарсы алады. Құрамында көп адам бар құрама АҚШ, Ресей және аспан асты елінен келеді. Белгілі болғандай, жұптық мәнерлеп сырғанау бағдарламадан алынып тасталыпты.

«Өкініштісі, Халықаралық студенттер спорты федерациясы (FISU) сайысты өз деңгейінде өткізу үшін қажетті қатысушы спортшыларды жинай алмады», - деді Алматы қаласы «2017 жылғы ХХVIII қысқы Универсиадаға дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» мемлекеттік қорының директоры Наиль НҰРОВ.

Жұптық жарысқа сатып алынған билеттерді ресми билет сату пункттеріне тапсыруға, немесе басқа спорт сайысына ауыстырып алуға болады. Билет құны толықтай қайтарылады. Бұл жарыс түріне билеттің 60 пайызы сатылып қойған екен.  

Перизат Көмекбайқызы,  Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров