Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы ашылды
Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы басталды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, елдегі саяси реформалар мен жаңа институттың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп атады. Мемлекет басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жалғаса беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады».
Мемлекет басшысы саяси жаңғыру үдерісі бір жыл бұрын басталғанын айтты. Былтырғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтеріліп, ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланды. Кейін бұл үдеріс конституциялық реформаға ұласты.
Президенттің айтуынша, 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Конституциялық реформадан кейін елдің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. 28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттары өз жұмысына кірісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық».
Қазақстан Халық Кеңесі – конституциялық мәртебесі бар жоғары консультативтік орган. Ол қоғамдық диалогті дамытуға бағытталған және заңнамалық бастама көтеру құқығына ие.