|
22.12.2016 | 09:21
2439

Алматыға Ташкент қаласынан дипломатиялық делегация келді

Алматыға Ташкент қаласынан дипломатиялық делегация келді

Алматыға Ташкент қаласынан дипломатиялық делегация келді. Өзбекстан астанасының хокимі Рахмонбек Усманов бастаған бір топ билік өкілдері Алматы қаласының инфрақұрылымымен танысу үшін келген. Көрші елден келген қонақтарды нендей жобалар қызықтыратынын әріптесім Әнуарбек Жәлел айтып берсін. 


Алматы мен Ташкент сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту амалдарын талқылады. Қос шаһардың басшылары бірауыздан сабақтастық жолдарын кеңейту керектігін қолдады. Бауыржан Байбек өткен жылмен салыстырғанда соңғы он айда Алматы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы тауар айналымы 62 пайыз өсімді көрсеткенін айтып, Елбасының сөзін тілге тиек етті.


«Елбасымыз осыдан екі апта бұрын өз сөзінде жаһандық үрдіс жаңашылдығы болашақта елдер ғана емес, оған қоса алып шаһарлар да бәсекелестікке бой түзейді. Оның ішінде Өзбекстанның 17 пайыз экономикасын құрайтын Ташкентті де атап айтуға болады. Сан түрлі салада сабақтастық орын алса, онда орталық Азия өңіріндегі Алматы мен Ташкент қалаларының әлеуеті зор болмақ. Сондықтан, біздің тарап сіздермен тәжірбие алмасуға қашанда дайын. Бір-бірімізден үйренеріміз көп деп ойлаймын»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.


Жалпы, Алматыда бірлескен 129 және 236 өзбек кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы он айда тауар айналымы 200 млн. АҚШ долларына жеткен. Қала әкімдігінің өкілдері көрші елдің дипломаттарына шаһарымыздың экономикалық әлеуетін таныстырды. Ташкент қаласының басшысы Рахмонбек Усманов Қазақстандағы «Қолжетімді баспана 2020» мемлекеттік бағдарламасы жемісін бергенін айтып, Өзбекстан астанасына аталмыш бағдарламаның кейбір механизмдерін енгізетінін жеткізді. Өзбек өкілдерін Алматының бүгінгі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді қалай шешіп жатқандығы қызықтырады. Сапар мақсаты - тәжірибе алмасып, ынтымақтастық байланысты нығайту.


«Сапарымыздың басты мақсаты - әлеуметтік тұрғын үй құрылысының тәжірбиесіне қанық болу. Алматы қаласының инфроқұрылымы қалай дамығанын көріп, өзіміз үшін іліп алар технологиялармен танысып, болашақта екі қала арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін қандай қадам жасау керек екенін түсінуіміз қажет»,- деді «Тошуйжойлойиха» жобалау және зерттеу институтының директоры, Аброр АЗИЗОВ.


Айта кетейік, бір ай бұрын Алматы қаласының әкімі мен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі кездесу өткізіп, Бауыржан Байбек алда өтетін 28 қысқы универсиада ойындарына Өзбекстан спортшыларына қатысуды ұсынған болатын. Күні кеше көрші елдің спортшылары ойындарға қатысатынын ресми түрде мәлімдеді.


Әнуарбек Жәлел, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир