Алматы әкімі Бауыржан Байбек Атакентке алып тиінді орнатудың себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматылық ұстаздардың Тамыз кеңесінде сөз алған әкім алып тиін тақырыбына тоқталып өтті.
«Қала көркін ажарландыра түскен сайын мәдени интервенцияға жақындаймыз. Алматының әр түкпірінде байқау түрінде 16 артобьект қойылды. Қала болашағын әлемдік деңгейге көтеруде америкалық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бизнестің ең дамыған түрі – туризм. Дәлірек айтсақ, мәдени, event-туризм. Бұл елімізге мол табыс әкеледі. Қала туралы айту керек, оны әлемге таныту керек. Дүниежүзінде мемлекет келбетіне айналған 600 қала бар. Қазақстаннан жалғыз Алматы осы тізімге енген», – деді әкім.