Медеу ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Көк базар маңында ұйымдастырылған шараға 10-нан аса аудандық құрылымдық мекеме өкілдері қатысты. Сондай-ақ қабылдауда арыз-шағымдар ғана қабылданып қоймай, өз бизнесін бастаймын деген азаматтар үшін кеңестер те берілді. Қол арбаға таңылған Виктор Урманов көп қабатты үйде тұрады. Пандус болмағандықтан, қарттың далаға шығуы мұң екен. Жұбайы Әсия Орманова бөгде азаматтардың көмегі болмаса, төменге түсіруге жалғыз өзімнің күшім жетпейді дейді. Зейнеткер бұл мәселені қоғамдық қабылдауда аудан әкіміне жеткізіп көмек сұрады.
«Жолдасымды төменге түсіру үшін оны арқама алып, осы баспалдақпен орташа есеппен 30 метр жүруге тура келеді. Емханаға тексерілуге бару үшін инватакси шақыртамыз. Ол төменде күтіп тұрады. Жоғарыдан түсу үшін 30 минуттай уақыт кетеді», - деді қала тұрғыны Әсия УРМАНОВА.
Жұрттың сауалы негізінен коммуналдық-шаруашылық және пәтер иелері кооперативтерінің шалағай ісіне қатысты. Сондай-ақ денсаулық, білім беру саласы мен балабақша мәселелері бойынша да өтініш жасағандар болды.
«Біз әкімдік жалғыз келген жоқпыз. Қасымызға ауданның прокурорын, аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысы, Төтенше жағдай қызметі басшысы, Кәсіпкерлер палатасының басшысы, «Даму» қорының басшысы, барлығын шақырдық. Халыққа түсіндіру жұмысын қандай жоспарлар бар соның бәрін айтып жеткізу», - деді Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.