Ақмола облысының Щучинск қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының түлектеріне диплом табысталды. Биыл әскери оқу орнын 197 шәкірт бітірді. Оның ішінде 10-ы үздік тәмамдаса, алтауы «Алтын белгі» иеленді. Кәсіби сержанттарды қошеметтеу шарасына Қорғаныс министрлігінің өкілдері, түлектердің ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
«Сержант деген кім? Сержант деген солдаттың сарбазы, сардары, командирі. Сіздердің міндетіңіз соны тәрбиелеп, білім беріп, шыңдап, қамқор болу. Ата-аналарға айтарым міне сіздердің ұлдарыңыз кеше сарбаз болса, қанаты қаққан елбасының қырандары сапқа сай шыққаннан кейін әскерге келіп, командир аталады»,- деді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бас сержанты, Темірбек ХАЛЫҚОВ.
Дипломдарды тапсыру салтанатынан кейін дәстүр бойынша жауынгерлік тумен қоштасу салтанаты ұйымдастырылып, жас сержанттар вальс биледі.
«Кадет корпусының 19-шы түлектері ретінде бізге еліміздің Қарулы күштерінің 25 жылдығы мен мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы, кадет корпусының 20 жылдығы сынды атаулы дата күндері бітіру бақыты бұйырды. Енді артылған сенімді ақтауға тырысамын»,- деді Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының түлегі, Айсұлтан БАЙСАРИН.