Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков кездесті

Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков екеуара кездесу өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанға қош келдіңіз! Істеліп жатқан жұмыстарды қарап отырмыз. Екеуіміз кездескеннен кейінгі мәселелердің барлығы шетінен шешіліп жатыр. Жол картамыз бар. Сауда-саттық одан ары жақсара түсуде. Құдай бұйыртса, болашақта барлығы дұрыс болады деп есептейміз. Өзбекстанмен, Тәжікстанмен кездесіп, көп жұмыстар жасалып жатыр. Мұның барлығы ел үшін жасалып отырған шаруа. Бүгін 5 мемлекеттің басшылары кездесіп, ішіміздегі жағдайларды, экономика, сауда-саттық, инфрақұрылым, логистика, сынды барлық мәселелерді шешуге мүмкіншілік болады деп санаймын», - деп атап өтті кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қырғыз Президенті Орталық Азия елдері басшыларының Қазақстанда бас қосуы тарихи сәт екендігін айтты.

Ал Қазақстан Президенті бүгінгі жиынның басты мақсаты Орталық Азия елдерінің арасындағы проблеманы шешу екендігіне баса назар аударды.

«Өзіміз барлық мәселені шешіп, елге жағдай жасауымыз керек. Сол үшін кездесеміз, басқа ойымыз жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін елордада Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтеді. Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден аталған жиынға Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады.

Новости партнеров